• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2014

Қазақстандық мемлекеттік қызмет моделі

308 рет
көрсетілді

Астана форумына қатысушылардың көңілінен шықты Бұрнағы күні VII Астана экономикалық форумы аясында өткен жаһандық конференция барысында мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың жай-күйі мен келешектегі мүмкіндіктері қазақстандық және халықаралық сарапшылар арасынан кең талқылауға түсті.  Нәтижесінде оған қатысушылар мемлекеттік қызмет саласының қазақстандық моделіне жоғары баға берді. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетіл­діру қазіргі таңда кез келген елдің үкіметі үшін өзекті мәселе. Мұны конференцияны ашарда сөйлеген сөзінде Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Байменов ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ғаламдасу мен жаңа сынақтар, қоғамның талабының күшейе түсуі халыққа сапалы қызмет көрсететін тиімді мемлекеттік аппараттың болуын талап етеді. Бұған көз жеткізген әлемдегі көптеген жетекші елдер осы саланы жетілдіріп, оны батыл реформалауға белсене кірісіп кетті. Осы орайда, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті реформалауда, әсіресе, аймақтық мәнісі бар мәселелерді форум алаңдарында бірлесе талқылау мүмкін екендігіне тоқталды. Бұл жаһандық конфе­рен­цияның теориялық қана емес, тәжірибелік мәнісі бар. Өйткені, осы форумға қатысушылар, оның ішінде, аймақтардан келген мемлекеттік қызметшілер пікір алмасуға қатысып қана қоймай, мемлекеттік қыз­мет саласындағы ең соңғы жа­ңа­лықтармен, озық тәжі­ри­белермен танысуға мүмкіндік алды. Мысалы, Германияның ішкі мәселелер министрлігінің мемлекеттік қызмет саласын реформалаумен айналысқан бөлімшенің бұрынғы басшысы, басқару мәселелері бойын­ша аға сарапшы Йоахим Вольмут жиында мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау мәселелерін егжей-тегжейлі сараптады. Ал Әлихан Байменовтің пайым­дауынша, Қазақстанда мем­лекеттік қызметшілердің қыз­метін бағалаудың жаңа әдіс-тә­сіл­дері әзірленіп, оны іске қосу көзделіп отыр. Бұл жаңа жүйе мемлекеттік органдар ішін­дегі қарым-қатынастарға оң әсерін тигізбек. Себебі, әр дең­гей­дегі басшылардың қызме­тін бағалауда енді оның қа­ра­мағындағы қызметкерлердің де пікірі ескерілетін болады. Жиында Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдік басшысы Аурелия Бушез Қазақстанның мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы «өзінің маңызды реформаларында аймақ елдеріне үлгі» көрсетіп отырғанына ай­рықша назар аударды. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақ­стандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл осы тұста мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мен меритократия қағидаттарын жүзеге асырудың маңыздылығына мән берді. Аймақта мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіріп, дайындауда, пікір алмасып, тәжірибе бөлісуде Астана аймақтық хабының рөлі жөнінде Австрия сау­да палатасы экономикалық даму институтының бұрынғы директоры, басқару мәселелері бойынша бас сарапшы Стефан Хлавачек оң пікір білдірді. Бұл орталық арқылы аймақ елдері бір жағынан  осы бағыттағы ең соңғы ақпараттармен танысса, екінші жағынан мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін кеңірек зерделеуге мүмкіндік алмақшы. Конференция барысында сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік қызмет моделінің аймақта озық екендігін бір ауыздан мойындады. Мәселен, Грузия, Армения, Қырғызстан, Тәжікстанның құзырлы орган өкілдері өздерінің мемлекеттік қызмет саласын реформалау­да 1999-шы қабылданған қазақстандық заң мен агенттік институты құрылымын мұқият зерделеп шыққандарын жет­кіз­ді. Жоғарыда аталған Гру­зия, Армения, Қырғызстан елдері­нен кейін Тәжікстан да жа­қында Қазақстан үлгісін­дегі Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігін құрған көрі­не­ді. Ал Армения өкілі өзде­рін­де мемлекеттік қызмет­кер­лер­ді іріктеуде «А» корпусын құру бойынша қазақ­стан­дық әдіс-тәсілдерді пайда­ла­натындықтарын мәлім етті. Жаһандық конференцияны Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы, Еуропа Ода­ғының мемлекеттік қызметті реформалау бойынша жобасы, БҰҰ Даму бағдарламасы өткізді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».