Астананың Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көшесінің қиылысында Күйшілер аллеясы ашылды. Алматы облысы Қордай елді мекенінен жеткізілген, көлемі 3х2 метрлік мәрмәр тасқа өнерімен кеңінен танымал 101 күйшінің аты қашалып жазылды.
Аллеяның ашылуына келген қауым алдымен даңқты күйші Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші ұстаз Орынбай Дүйсен мен Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы «Күйшілер аллеясының» лентасын салтанатты түрде қиды.
«Ұлтымыздың күй өнерінің саңлақтарына арнайы аллея
ашылып отыр. Мұны Ұлы дала өркениетіне, қазақтың рухани кемелдігіне қойылған ескерткіш деп бағалауға да болады. Қазақ тарихында Қорқыт баба, Кетбұға сынды ұлы күйшілердің мұрасы халық санасынан өшкен жоқ. Қазақ күйшілері мен композиторларының аты гранит тасқа қашалып жазылуы баяғы көктүріктердің заманын еске түсіреді. Күлтегін мен Білге қаған жазулары тасқа қашалып күні бүгінге дейін жетті. Халық жадынан шықпайтын 101 адамның есімі тасқа ғана емес, ұлтының жүрегінде жазылды деп қарауымыз керек», деді жиында сөз алған «Күй анасы» республикалық қоры жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Уәлихан Қалижан.
Аллеяның кіреберісіне, ортасына – қазақ халқының шаңырағы, екі жағына – инсталляциялық үлгіде мыстан құйылып жасалған домбыра мен қобыз орнатылған.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен елуге жуық жас күйшіден құралған ұлттық аспаптар оркестрі, «Арқа әуендері» ұлттық ансамблі сол жерде күй ойнап, келушілердің көңілінен шыға білді.
Белгітасты жасаған мүсінші Жалын Баурқан, ал идея авторы – профессор Төлеген Қуанышев.