ИИДМ-да индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырыс барысында өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктерді субсидиялау және оны жетілдіру мәселесі талқыланды.
Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілеповтің айтуынша, бүгінде қалалық қоғамдық көліктерді субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзіретінде. Жыл сайын бұл тарапта бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай артып келеді.
«2021 жылы жергілікті әкімдіктер аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус бағыттарын субсидиялауға 93 млрд теңге бөлді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық (53 млрд теңге), ал 2018 жылы бөлінген қаражат көлемінен 5 есе жоғары (17 млрд теңге). Ал биыл аталған саланы субсидиялауға 113,5 млрд теңге қарастырылған. Қаржының басым бөлігін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері бөлген», деп атап өтті Қ.Тілепов.