• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2014

Мәншүк музейінің астан-кестеңін шығарды

265 рет
көрсетілді

Өткен сәрсенбінің бейсенбіге қараған түнінде Орал қаласында адамның өңі түгіл, түсіне кіре бермейтін лас та жымысқы қылмыс жасалды. Түн қараңғылығын жамылған белгісіз біреу осы сәтте Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық музей-үйінің терезесін сындырып ішіне кіріп, бөлмелердің астан-кестеңін шығарған. Әрі мұндағы ешқандай баламасы мен сыңары және көшірмесі жоқ тарихи-музейлік аса құнды жәдігерлерді ұрлап кеткен. Оның ішінде 1891 жылғы үлгідегі «Мосин» снайперлік винтовкасы, «КО» маркалы карабин және механикалық патефон бар. Сонымен бірге, әлгі алаяқ осында қойылған қазақ халқының тағы бір қайраткер ұлы, қаһармандар қаласы – Ордада қазақ­­­­тың тұңғыш атты әскер полкін құруға атсалыс­қан Хамит Чуриннің былғары рулетка-өлшегішін де ойланбастан жымқырған. Қолды болған заттардың ішінде «Самсунг» үлгісіндегі заманауи бағалы бұйымдар да бар. Осы оқиғаға байланысты Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан жедел ақпарат парағында бұл кезде күзетші түк білмей, түк сезбей әрі түк естімей қан­нен-қаперсіз қорылдап ұйықтап жатқаны көрсетілген. Әрі ол музей директорының ұлы болып шыққан. Түн ішінде орын алған сорақылықты музей қызметкер­лері таңертең жұмысқа келгенде бір ақ көріп, тек содан кейін ғана полицияға хабарлаған. Шақыру түскен­нен кейін төрт сағат ішінде жасалған айрықша қыл­мыс ізі суымай ашылды. Яғни күндізгі 14.00 шама­сын­да музейді тонаған қарақшы облыс орталығында қолға түсті. Бұл 1989 жылы дүниеге келген, бұған дейін ұрлық пен тонаушылықты кәсіп етіп келген, әрі осы қылмысы үшін жастығына қарамастан бес рет сотталып үлгерген азғын болып шықты. Соның төртеуінде оған түзеу колониясында кешірілім жасалып, шартты түрде уақытынан бұрын шығыпты. Мемлекетіміз­дің осындай ізгілігін түсіне алмаған оған енді не деуге болады? Тоналған музейлік құндылықтар табылып кері қайтарылды. Ұрлық жасаған жан қамауға алынды. Ол мұнда соттың шешімін күтетін болады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал.