• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қазан, 2022

Деректерді түпнұсқадан сөйлеткен

346 рет
көрсетілді

Ұлттық академиялық кітапханада шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші Қайрат Сәкидің «Сұлтан Бай­барыс», «Ер қаруы – бес қару» және «Юрта на вершине пирамиды» атты үш кітабы таныстырылды.

Ойлы оқырманға жол тарт­қан жаңа жинақтарда шығыстану­шының тарихи деректерді түп­нұсқадан пайдаланып, араб жыл­намашыларының шежі­релік жазбалары мен батыс ориен­та­лис­терінің тұжырымдарынан мол мәлімет келтірген. Әсіресе бала күнінде қыпшақ даласынан тұтқынға алынып, жат жерде ерен ерлігімен құлдықтан қайраткерлікке көтерілген Бай­барыс сұлтанның тағдыры мен батырлығы, қайсарлығы, ақыл­дылығы, мырзалығы басынан кешкен қызықты оқиғалармен шебер жазылған. Әлемнің жеті кереметінің бірі пирамидалар үстінде мәмлүктердің киізүй тіккені жөніндегі тың мә­ліметке де қанығасыз. Сон­дай-ақ «Ер қаруы – бес қару» атты тір­кес­­тің астарында бабала­ры­мыз­­дың жеке қару түрін қалай қолданғанын мәмлүктердің әс­кери трактаттары мен қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде сақ­тал­ған материалдар негізінде баян­дайды.

Жиында белгілі ғалым, қа­ламгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов автордың ізденімпаздығы мен байбарыстанудағы еңбегіне зор баға беріп: «Бұл жағынан келгенде сіздің алдыңызға түсетін маман жоқ. Сіз сұлтанның есімі «Бейбарыс» емес «Байбарыс» еке­нін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бердіңіз», десе Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Дархан Мың­бай зерделі зерттеушінің бі­реудің жазғанын аударып емес, түп­нұсқамен тікелей жұмыс іс­тейтінін атап өтті. Ал қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов автордың биыл мамыр айында Атырау жұртшылығымен кез­десіп, ол жақтан үлкен әсер­мен оралғанын тілге тиек етті. Со­нымен қатар басқа да зиялы азаматтар арабтанушының іргелі ғылыми еңбектеріне тоқталып, ой-пікірлерін білдірді.

Мазмұнды іс-шара соңында Қайрат Сәки жаңа кітапқа ен­ген дүниелері туралы сөз қозғап, алдағы жылы сұлтан Байба­рыс­тың туғанына 800 жыл то­латынын айтып, жиналған қа­уымның парасатты пікірі мен жылы ле­бізіне ризашылығын жет­кізді.