• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қазан, 2022

Бөкейханы қайда жүр бүгінгінің?

309 рет
көрсетілді

Президент Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет», деді. Бұдан біз басқару саласына, елдің басқа да шаруасына елшіл, ұлтжанды тұлғаларға зәрулік барын көреміз.

Құдайға шүкір, нағыз мемлекетшіл тұлға­ның толық сипатын, озық үлгісін өз ісімен көрсете білген арыстарымыз, қарымды қайрат­кер­леріміз жетерлік. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігін кешегілер құрай­ды. Мәселен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұр­сынұлы сынды ірілердің еліне сіңірген еңбектерінен олардың нағыз мемлекетшіл тұлға болғанын анық көруге болады. Бүгінгілер олардың қызметі мен өмір жолынан молынан хабардар болса, «болмаса да ұқсап бағуға» тырысар еді.

Жалпы, Алаш қайраткерлерінің елшіл тұлғалар болуының негізгі себебі, дұрысы сыры өз елінің тарихын, жүріп өткен жолын терең білуімен қатар, оны ыждаһаттылықпен ой елегінен өткізіп, жүрегімен түсіне білгенінде деп ойлаймыз.

Мысалы, арыдан ойлай білген, келешектің келбетін көкірек көзімен көре білген Әлихан атамыз болашақта мемлекеттердің қуатты­лығы жерінің кеңдігімен, қазба молдығы молдығымен өлшенбейтінін, білім мен озық технологияға иек артқандар ғана дамудың даңғыл жолына түсетінін айтқаны оның мемлекеттік мүдде биігінен қарап барып ой түйетін қайраткер екенін көрсетсе керек. Ел мүддесін жоғары қойған адам ғана алысты болжай алады. Кезінде Ә.Бөкейхан: «ХХ ғасыр – өркениет бәсекелестігінің заманы. Бұл уақытта күн астындағы орын үшін күреспейтін һәм мәдениетке талпынбайтын ұлттың табылуы кәдік... Қазіргі әлемдік соғыста ғылым үстемдік алды. Күнделікті өмірде... ғылым айқындаушы күшке айналды. Білімсіз халық өркениет қалтарыстарында қалып қоятынын айтып жату артық... Бізге білімді, тәжірибелі саясатшылар, жоғары білікті мамандар қажет. Бізге фабрикалар, зауыттар, шаруашылық ұйымдары, кооперативтер және басқа да көп нәрселер керек. Мұның бәрі білімді қазақтарды қажетсінеді...», деп жазған. Осыдан 104 жыл бұрын айтылған бұл қажеттер қазір де өте керек. Бұдан біз мемлекетшіл тұлғаның жүргенінен шыққан сөз халқымен бірге жасай беретінін, айқындаушы бағдар ретіндегі құнын жоймайтынын аңғарамыз. Сонымен қатар ел мүддесі жолындағы Ә.Бөкейхан атаған міндеттердің әлі де өзекті екенін көреміз.

Бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің барлы­ғы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және басқалар деңгейіндегі мемлекетшіл тұлғалар болуға тиіс деп талап қою артықтау болар, бірақ қалай дегенде де кім болса да Жүсіп Баласағұни айтқандай, «Өз пайдаңды ойлама – ел пайдасын ойла: өз пайдаң соның ішінде» деп ойлай білсе, соған қарай амал етуге бекінсе, соның өзі дәтке қуат, үлкен табыс.

Мемлекетшіл тұлға болу үшін мемлекеттік қызметші болу шарт емес. Дегенмен, мем­ле­кет­тік қызметшілер атқарушы биліктің ресми түрде өкілі саналатындықтан, бұл оның басқа қарапайым тұрғындардан артықшылығы болғандықтан, олардың елшіл тұлға болу мүмкіндігі жоғары. Бірақ бұл мүмкіндікті көбі­сі пайдаланбайды немесе ол үшін бас қа­тыр­майды.

Бүгінде халық өз арасынан шыққан нағыз мемлекетшіл тұлғаларды көргісі келеді. Ал олардың жарқырап көрінуіне қоғамда жол ашық болуға тиіс. Олай болмайынша ХХІ ғасырдың Әлихандары мен Ахметтерін көру қиын. Әйтпесе, қазақтың алтын құрсақты аналары ел дегенде жүрегін жұлып беруге дайын ерлерді қай кезде де дүниеге әкелген. Мұндай азаматтар бүгінде де жетерлік, бірақ олардың еліне еселеп қызмет етуіне, жұртты соңынан ертуіне мүмкіндік берген жөн. Осы орайда оларды халықтың кедергісіз таңдауына жағдай жасау маңызды.

Қазіргі таңда елімізде шынайы саяси бәсе­ке­лестік орта қалыптастыру бағытында оң қадам­дар жасалып жатыр. Алайда бұл ба­ғыт­тағы іс-қимылдардың шабандығы ха­лықтың қытығына тиіп отырғандай. Жедел өзгерістер әлемінде өмір сүріп жатқандықтан жұрттың бұлайша дегбірсіздік танытуына түсіністікпен қараған жөн-ақ. Өйткені халық нағыз мемлекетшіл тұлғалардың шыққанына мүдделі және бұл тілегінің орындалуы шынайы саяси бәсекелестік орта арқылы ғана мүмкін болатынына шәк келтірмейді. Бұдан біз халықтың саяси сауаты деңгейінің көтерілгенін, бұл өз кезегінде азаматтардың белсенділігінің арт­тыр­ғанын көреміз. Саяси сауаттылық деңгейі жоғары халық қашан да өзіне не қажет екенін біледі әрі соған қол жеткізуге құмбыл. Бұл орайда басқасын айтпағанда, халық мемлекеттік қызметшілер қатарын ұлт байлығын еселеуге ұмтылып жүргендермен толықтыруға өзі араласқысы келеді. Міне, сонда барып ел-жұрт популистерге алданбай, нағыз жанашыр тұлғаларды екшеп, танып соларға өз тізгінін берер еді.