• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қазан, 2022

Оралда батыр қыздың ғасырлық тойы аталып өтті

577 рет
көрсетілді

Орал қаласында Кеңес Одағының батыры, қаһарман қыз Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына байланысты шаралар шеруі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәншүк Мәметованың жасындай жарқ еткен 21 жылдық ғұмыры трагедияға толы. Бұрын, Кеңес кезінде советтік Отанын қорғап құрбан болған батыр екендігі баса айтылып, жеке басының талайлы тағдыры мүлдем қозғалмады. Тәуелсіздік таңы атқан соң, Алаш арыстары ақталған соң ғана көп жәйтті түсіндік. Мәншүктің «халық жауы» атанып, жазықсыз ұсталып кеткен әкесі Ахмет Мамытұлын құтқару үшін де соғысқа сұранғаны белгілі болды. Сталиндік репрессияның сұрқиялығы сондай, қаншама арысты атып тастағанымен қоймай, ол ақпаратты жасырып бақты...

Бүгінде Оралда Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі жұмыс істейді. Дәл осы ғимаратта 1932-1934 жылдары Ахмет Мәметов отбасымен тұрған. «Үш батыр қыз» мемориалдық кешенінде Мәншүк, Әлия және Хиуаз иық тірестіріп қатар тұр. Өңірде батыр қызды ұлықтау шаралары жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмысымен қоса өріліп, жүйелі атқарылып жатыр.

Мәншүк Мәметованың ғасырлық тойын атап өтуге Алматыдан батыр қыздың немере туысы Мәметова Шолпан Қанатқызы мен оның ұлы Руслан Кеңесұлы, Алаш қайраткері Ғабдолхәкім Бөкейхановтың жиені, биология ғылымдарының кандидаты Шолпанай Аманжолова, жазушы-зерттеуші, жақында ғана жарық көрген «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы» кітабының авторы Мақсат Тәж-Мұрат арнайы келді. Мерейтойлық шараларды Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі үйлестіріп, мәнді де мағыналы өткізді.

- Биыл қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыс жылдарында ерлермен бірдей ерлік көрсеткен батыр қыздардың есімдері ел есінде. Өз елі үшін, алаш қайраткері ретінде жазықсыз сотталып, кейін атылған өз әкесін ақтау үшін майданға аттанған қаһарман қыз небәрі 21 жасында қаза тапты. 21 жас – сүйікті жар, аяулы ана болуға да үлгермеген жас қой. 1958 жылы әкесінің ақталғанын көрмей кетті Мәншүк апамыз. Біз осындай батыр қыздарымыздың алдында әрқашан бас иеміз. Оларды мақтанышпен айтамыз. Еліміздің жасампаз рухы биік болсын! – деді «Үш батыр қыз» монументіне гүл шоғын қойған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Ескерткіш басында жиналып, естелік айтылған шарадан кейін «Атамекен» өнер ордасында «Қаһарман қызы қазақтың» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

- Қазақ халқы өзінің ардақты ерлерін, аяулы қыздарын әрқашанда құрметтей біледі. Тірі болса, Мәншүк 100-ге толар еді дейміз. Бірақ Мәншүкке сол 100 жылдың бестен бір бөлігінің ғана ғұмыры беріліпті. Сол аз ғана ғұмырында Отанын әлемге танытып, есімін тарихқа жазып кетті, - деді жиында Мәншүктің немере сіңлісі Шолпан Мәметова толқып тұрып.

Ғылыми конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, өлкетанушы, еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» белгісі орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жайсаң Ақбай, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін медалінің» иегері Дариға Мұштанова қатысты. Мәскеу халықаралық қатынастар институтының доценті, Ресей әскери ғылымдар академиясының директоры Александр Ужанов онлайн қатысып, баяндама жасады. Сондай-ақ Алматы қаласынан техника ғылымдарының кандидаты, Логистика және көлік академиясының профессоры Кеңес Жүсіпов, Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мəдени, архитектуралық-этногрфиялық музей қорығы директоры Ғайса Махимов баяндама жасады. Конференция барысында әдебиеттанушы-ғалым, эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат «Неизвестная воина Маншук» кітабын таныстырды. Жиын соңында жарыссөз өтіп, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Конференцияның соңында қарар қабылданды.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған халықаралық конференцияның қонақтары Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Мәншүк» спектаклін тамашалады.