Шығыс Қазастанда Республика күніне орай 500-ге жуық іс-шара өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева айтты.
«Республика күнін мерекелеуге орай облыста салтанатты және мерекелік іс-шаралар жоспары жасақталды. Осылайша, шығысқазақстандықтар бүкіл ел тұрғындарымен бірге «Қыран елім – Қазақстаным!» жалпыұлттық патриоттық акциясына қатысуда. Оның аясында Әнұран жаппай орындалады. Сондай-ақ Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріледі», деді Ж.Мекеева.
Сондай-ақ барлық жерде облыстың, жалпы еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды марапаттау, мадақтау шаралары ұйымдастырылады. Мемлекеттік және ведомстволық наградаларды салтанатты түрде тапсыру рәсімдері өтеді.