Алматы аспанында Республика күні қарсаңында ең үлкен байрақ желбіреді, Әлемдік рекорд орнатқан кәсіби парашютист Қазақстан Республикасының ең үлкен мемлекеттік туымен секірді.
Байрақтың көлемі 800 шаршы метр болды (салыстыру үшін: Астанадағы бас флагштоктағы байрақтың көлемі – 450 шаршы метр). Ту осы ерекше оқиға үшін арнайы дайындалып, нәтижесінде, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Парашютист секірген биіктік 3 000 метрді құрады, бұл – таудағы ең атақты Шымбұлақ шипажайынан да биік.
«Бүгін біз Алматы аспанында мемлекеттік байрағымыз түріндегі шынайы суретке куә болдық. Мен осы сәтті көзіммен көріп, елімнің ынтымағы мен асқақтығының рухын сезіну бақытына ие болдым», дейді Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Іс-шараны ұйымдастырған кәсіпкер Жомарт Қиястың айтуынша, бұл науқанның мақсаты – барша қазақстандықтың патриоттық рухын көтеру, сонымен бірге ұлтына, дүниетанымына қарамастан бір-біріне төзімділік танытуды дәріптеу.
«Қазақстан – тыныштық пен бейбітшілік мекені, мұны барлық халықаралық қауымдастық өкілдері растайды. Ең үлкен байрақтың аспанда қалықтауында терең мән бар, ол ашық аспан астындағы еліміздегі барлық халықтың ынтымағын білдіреді», деді меценат.
Шараның ұраны болған «Ашық аспан» деген сөзде тұтастық, қазақстандықтардың бейбіт аспаны деген мән жатыр. Бұл сөз бейбітшілікті қорғауды, ел тұрғындарының бақуатты өмірінің баянды болуын насихаттайды.
Әлеуметтік шараны сонымен бірге Ескендір Ибрагим, Темір Спатаев, Алжан Дарменов, Тойбек Мырзабеков, Ардақ Назаров, Жанқош Тұраров сынды азаматтар қолдады.