• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

БАЙЛАР ДА... БАЛА БОЛҒАН

527 рет
көрсетілді

Тараздық кәсіпкерлер жеке қаржыларына балалар алаңдарын жасауға кірісті “Сенім” компаниясының басшысы Ақылбек Садырбаев Тараз қаласының орталығындағы Қазыбек би көшесіне орналасқан көпқабатты №49 үйдің тұрғында­­­рын қуанышқа кенелтті. Компания құрылысшылары бір жарым айдың ішінде үйдің ау­ла­сындағы 2700 шаршы метр жер­ге асфальт төсеп, 970 қума метр бордюр қойса, 276 шаршы метр жер­ді құнарлы топырақпен тегіс­теп, жасыл өскін тұқымын септі. Сонымен бірге, компания қам­қорлығының арқасында аула ортасынан бүлдіршіндерге арнал­ған түрлі әткеншектер мен сыр­ғанақтар пайда болды. Олардың ата-аналары үшін орындықтар қойылып, теннис үстелдері орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде №49 үйдің тұрғындары­ның қуанышында шек жоқ. Ал аула... балалар мерекесіне айнал­ған. Ең бастысы, ол мерекені бөлісуге облыс әкімі Қанат Бо­зымбаев пен қала әкімі Ертарғын Астаевтың өздері келді. Бұл игі бастама қалай пайда болды? Бұрын қолға алынып па еді өзі? Әлбетте, әр басшының тұсында әр түрлі бастама бола­тыны белгілі. Бірақ, бір өкініштісі, сол игі істер аяғына дейін жет­кізілмейді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы шалағайлықты болдырмау үшін “Жасыл ел” қоғамдық ұйы­мы көтерген бастаманы өзі бақы­лауға алды. Демек, биыл облыс орталығында 65 балалар алаңы пайда болады. Сөйтіп, 3 жылдың ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлердің аулалары қамтылады. – Халқымызда “елде болса ерінге тиеді” деген сөз бар. Ең бі­рінші – ел аман болсын! Біздің ісі­міздің өрге басуы сол айна­лай­ын халықтың арқасы. Сондықтан біз де елдің болашағы – балалар үшін қолымыздан келетін жақ­сы­лықтан аянбаймыз. Оның үстіне осы игі іске ұйытқы болып, атқарылып жатқан жұмыс бары­сын қадағалап отырған облыс, қала басшыларына да рахмет, – дейді компания өкілінің бірі Алтынбек Садырбаев. Көпқабатты тұрғын үйдің ау­ласына 12 миллион теңгедей жеке қаржысын жұмсаған “Сенім” ком­паниясының басшыларының жо­марттығы мен жұмысшыларының сапалы жұмыстарына тұрғындар риза болды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, ТАРАЗ.