Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Тараз топырағында көптеген ауқымды іс-шара ұйымдастырылса, оның ең ірісі – қаламгерлер арасында өткен «Ақиқаттың ақ туы» атты байқау. Шерағаның көзін көрген, қасында жүрген қазақтың игі жақсыларының барлығы қатысқан байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығының есті естеліктері облыстық «Aq jol» газетінде бірнеше ай бойы тұрақты түрде жарияланды.
Байқау қорытындысында «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері, танымал журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы бас жүлдеге лайық деп танылса, белгілі жазушы Қуандық Түменбай бірінші орын биігінен көрінді. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлына екінші орын бұйырса, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан мен Анар Қоныс үздік үштіктен көрінді.
Ұйымдастырушылар жүлдеге лайықты шығармалардың көптігін ескерген болуы керек, өзге де бірнеше автор жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтар болсақ, Үміт Битенова, Кайым-Мұнар Табеев, Ақылжан Мамыт, Көшкінбай Елікбаев сынды төрт авторға ынталандыру жүлдесі табысталды. Жүлдегерлердің барлығы қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұйымдастырған республикалық «Шынның жүзі – Шераға» атты ақындар мүшәйрасы қорытындыланып, үздік шыққан шығарма авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мүшәйраға еліміздің әр қиырынан жалпы саны отыз тоғыз автордан шығармалар келіп түскен болатын. Қазылар алқасының сұрыптауынан өткен бес ақынның өлеңдері жүлдеге лайық деп танылған екен. Нәтижесінде, бас жүлде ардагер журналист, ақын Байхаманбет Ахметке бұйырса, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев бірінші орын иегері атанды. Арайлы Жақсылық екінші орынға, Біржан Ахмер мен Балтабек Нұрғалиев үшінші орынға табан тіреді.