Алақандай Ақсу ауылында заманауи спорт кешені бой көтерді. Сол киелі топырақтың атымтай жомарт азаматы Айдын Сүлейменнің демеушілігімен салынған нысанның лентасы қиылды. Бұл рәсім Республика күні қарсаңында өтті. Жаңа спорт кешенінде 180 бала әртүрлі спорт түріне дайындала алады.
Аталған кешеннің ашылу салтанатына Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров, аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбайұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Жалпы, құны 350 млн теңге болатын құрылыс жұмыстарын «Строй монтаж вектор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Кешенде 4 жаттығу залы бар десек, олар түгелдей қажетті спорттық жабдықтармен қамтылған. Яғни ауыл балаларының баскетбол, волейбол, шағын футбол, бокс, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақша және еркін күреспен айналысуына мүмкіндік жасалған. Нысанда бір мезгілде 180 бала спортпен шұғылдана алады.
«Бұған дейін балалар еркін күрестен ауылдағы Мамания мектебінің спорт залы базасында жаттығып келді. Оларды аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен бөлінген маман жаттықтыратын. Енді күреспен қатар басқа да спорт түрлеріне қызыққан балалар осы кешенінің арнайы залдарында шынығатын болады. Штатқа жаттықтырушылар спорт мектебінен тартылады», деді Ақсу аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Асхат Сауғанбаев.
Кешен жастарды саламатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға, табандылық пен төзімділігін шыңдауға мүмкіндік бермек. Ақсу ауылы тұрғындарының орталықта болашақ чемпиондар өсіп шығарына сенімдері мол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы өңірде Ақсудағы спорт кешенінен бөлек 5 спорттық сауықтыру кешені бар. Биыл облыста тағы 8 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Алакөл ауданындағы Достық және Лепсі ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Алакөл ауданы Бескөл ауылында, Панфилов ауданы Үлкен Шыған, Пенжім ауылдарында спорт кешендері салынуда.
Жетісу облысы