«Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» дейтін Күлтегін заманы дәл қазір қазақ ұлтының басына келіп тұр десек, қателесе қоймаспыз. Қай заманда да, қай бір жайдағы жоқ, жыртқышы мол кезеңде де қазақ баласы көкбөрідей жонын берген жоқ. Жолбарыстай жортып, киіктей қарғып, қырандай қалықтап, сұңқардай сорғалап күн кешіпті.
Міне, жаңа ғасырдың жиырма екі жылын да артқа тастағалы тұрмыз. Не бітірдік, не қойдық деген сұрақ андағайлай алдыңнан шығатыны рас. Сонау Абылай заманынан кейін отарлық қақпанына мықтап түскен өр қазақ көкжалдай «сирағын» шайнап, бармағын тістеп келгені тағы ақиқат.
Замана тағдырының талқысында тас шайнап, мұз жастанған еліміз қандай қатерлі сәтте де ертеңіне деген үмітінен айырылған емес, болашаққа деген сеніммен байырғы бабалары жолын жалғастырды. Осы үрдіс күні бүгін де қазаққа қайырымен бұйырып келеді.
Алаштың алдаспан ақыны Мағжан айтқандай, «толқыннан толқын туып, толқынды толқын қуып» тағдыр-талайын әр буын абыроймен атқарып келгеніне бір Алла мен алты Алаш қауымы куә. Оны ірге жау мен белдеу жау болып келе жатқан дұшпандарымыз да еріксіз мойындайды. Кешегі Сырым мен Кенесары, Исатай мен Махамбет рухы қазақ бойынан атойлап шығып келгенін батыр Бауыржан мен Оспан батыр бастаған қанша ерлеріміз дәлелдеп бергені ақиқат.
Бір Желтоқсан көтерілісі қазақ баласының ғана рухын оятқан жоқ, біле білсек, ұлттар жанын жаныштау мен намысын таптау, мойымас рухын біржолата жасытуда алдына жан салмаған коммунистік жүйенің іргесін шайқалтып, талайлы тағдыры таптауда отырған басқа халықтардың рухына да өшпес сәуле түсіріп, жан-жүрегіне рухты сенім ұялатып беріп еді... Соның арқасында айналасы бес жылға да жетпейтін уақытта әлемді қызылдатқан қанды империя опырыла құлады. Бірақ оның озбыр санасы мен салған жүйесі, сұрапыл ойы мен сұмдық іс-әрекеті әлі де жалғасып келе жатқаны белгілі.
Қол жеткен тәуелсіздіктің отыз жылында көк туымызды көтердік, іргемізді бекіттік деп қомпиғанмен, кең-байтақ жеріміз бен дарқан көңіл халқымыз үшін бітпей жатқан, бітіспей жатқан қаншама шаруа шаш-етектен екенін көріп отырмыз. «Ереуіл атқа ер салмасақ» та, «егеулі найза қолға алмасақ» та еліміздің ішінде дау мен еріміздің сыртында жау барын байқап отырған жайымыз бар.
Мұндай алмағайып кезеңнің өтінде отырғанымызды ойласаң, жаның түршігіп кетеді. Жат жұрт атаулы ішіңде кердең мінез көрсетіп, тысыңда керез сөз саптап тұрған сәтте жеріңнің тұтастығы мен еліңнің ұйытқысы санаңа салмақ салары сөзсіз. Ұлтыңның ұлықтығы мен халқыңның бірлігіне күмән келтіріп, найза бойламас жымсыма әрекет пен қауіпті іске бармасын ойлауыңа тура келеді.
Бүгінгі күн бұлыңғыр санадан аулақ болуға үндейді. Қара қазақ баласы құбатөбел күн кешсе де, сайран-сауық ой кешсе де, «Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп жүрміз бе?» деген сергек сана әрбір азаматты күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырып, ақылақ ақылын тербетуге тиіс! Сонда ғана бекем берекеміз бен бірегей бірлігіміз рухымызды суаттандырады, жанымызды қуаттандырады.
Ұлт – ұлық, ер – құлдық. Ұлан-ғайыр ұлтымызға ұлағатты ұлықтай қызмет қылайық! Ерен еңселі елімізге ер атаулы құлдық ұра еңбек етейік!
Асқар АЛТАЙ,
жазушы