• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қазан, 2022

Салтанат мазмұны

286 рет
көрсетілді

Республика күні Жетісуда да үлкен көлемде аталып өтті. Облыс орталығында өткен мерекелік жиында өңір басшысы Бейбіт Исабаев қырықтан астам азаматқа мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Б.Римова атындағы Жетісу облыс­­тық театрының ғимаратына жи­налған көпшілік алдымен Мем­лекеттік Тудың әкелуіне куә болып, Гимнді тік тұрып орындады. Одан соң мерекелік шараға келген көпшілікті құттықтаған өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мереке мәртебесін алған Республика күнінің маңызына тоқталып, Еге­мендік туралы декларацияның ұлт тарихындағы орнын айшықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің басты мерекесі ретінде Респуб­лика күнін қайта қалпына келтіруді ұсын­ған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қызу қолдау тапты. Егемендік туралы декларация қабылданған 1990 жылғы 25 қазанда тәуелсіздігіміздің алғышарты жасалды, бетке алар бағытымыз ай­қын­­далды. Бұл күн біз үшін сонысы­мен құнды. Қазақстан – біздің өмір сүріп отырған ортақ Отанымыз. Сондықтан оның тағ­дыры, бүгіні мен болашағы елдің әрбір азаматына тікелей қатысты», деді Б.Исабаев.

Мерекелік құттықтау сөзден кейін облыс әкімі өңірдің дамуына зор үлес қосқан бірқатар жеті­сулық азаматты «Құрмет», «Еңбек даңқы» ІІІ дәрежелі орден­дерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, Қа­зақстан Респуб­ликасының Құрмет грамотасымен марапаттап, «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері», «Жетісудың Құрметті азаматы» атақтарын берді. Осы ретте «Құрмет» орденін алған Ескелді ауданындағы «Черкашина» шаруа қожалығының жетекшісі Зинаида Черкашина да өз лебізін жеткізді.

«Ескелді ауданы – аграрлы аймақ. Осы өңірде екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері Нұрмолда Алдабергенов пен басқа да 19 Еңбек Ері шыққан. Біз сол ерлердің жолын лайықты жалғастырып келеміз. Мемлекет басшысының аграр­лық саланы дамыту туралы тапсырмасын орындауға белсене атсалысамыз. Бүгінгі марапат тек менікі ғана емес, жерлестеріммен бірге жасаған жұмысымыздың ортақ нәтижесі деп білемін», деді З.Черкашина.

Республика күнінің құрметіне орай марапатталған жандарды «Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері» атағын алған ақын Айтақын Бұлғақов, «Жетісу облысы­ның Құр­метті азаматы» атағын алған еңбек ардагері, КСРО «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» және «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Асыл­мұрат Тұрғанбеков құттықтап, жүрек­жарды тілегін арнады.

Салтанатты іс-шара соңы Жетісу облыстық филармониясының өнер­паздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Жетісу облысы