• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2022

«Қазпошта» тағы бір естелік пошта маркасын шығарды

451 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасының аумағында «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуының 30 жылдығына» орай «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясының арнайы пошталық маркасы айналымға енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марканы «Қазпошта» АҚ БҰҰ-ның Қазақстандағы Өкілдігі және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп шығарған.

«Біздің компания Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30 жылдығы сияқты айтулы оқиғаның құрметіне естелік пошта маркасын айналымға шығарғанына қуанышты. Осы марка еліміздің әлемдік қауымдастықтағы рөлінің тамаша дәлелі болады деп ойлаймын. Биыл «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясы аясында Қазпошта Қазақстанның ЮНЕСКО, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдарға мүшелігінің 30 жылдығына және Қазақстанның Материалдық емес мұраны сақтау туралы конвенцияға қосылуының 10 жылдығына арналған маркалар шығарды. Сонымен қатар елімізде пошталық айналымда БҰҰ-ның 50 және 60 жылдығына орай шығарылған маркалар қолданылады», деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова.

Өлшемі 26 х 29,6 мм пошта маркасы 10 000 дана таралыммен шығарылды. Марка парағы 8 маркадан тұрады. Парақ өлшемі 135 x 70 мм. Пошта маркасының номиналы – 700 теңге. Маркалар ультракүлгін бояумен және лакпен қорғалған. Суретшісі – Эльнара Байназарова.

БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори: «Марка кескіндемесінің негізі ретінде домбыраның таңдалуы кездейсоқ емес, өйткені қазақтың дәстүрлі домбыра күйі ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енгізілген. Біз Қазақстанның осы отыз жыл ішінде тұрақты даму жөніндегі іс-әрекетін құптаймыз. Естелік пошта маркасының шығарылымы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихындағы маңызды белес және тұрақты даму мақсаттарына бейімдігі туралы қоғам хабардарлығын арттырудың белгісі», деп атап өтті.

Атап өтілгендей, БҰҰ елдің болашаққа бағытталған даму күн тәртібін және Үкіметтің тұрақты дамуға деген ұмтылысын жақсырақ қолдау үшін Қазақстанға қолдауын кеңейтуде.

«Қазақстандағы БҰҰ жүйесі - құнды, адам құқықтарына негізделген және сенімді серіктес болып қала береді. Ол Қазақстандағы барлық серіктестерге ең өзекті саяси кеңестер, техникалық көмек және жаһандық желілерге қол жеткізуге бағытталған», деп қосты ұйымның кеңсесі.