• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Қазан, 2022

Бозоқ қалашығы жаңғыртылады

389 рет
көрсетілді

Елорда іргесіндегі көне Бозоқ қалашығын қайта құру және археология ескерткішінің түпнұсқасын сақтап ботай, сақ, ғұн, түркі тарихи кешендерін қалпына келтіруге бағытталған ауқымды жоба – «Бозоқ» ұлттық паркінің құрылысы бас­талды. Мазмұнды шара аясында игілікті істің басталғанын бейнелейтін «Уақыт капсуласына» естелік жазба қалдырылды. Оған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Мемлекет тарихы иинстиутының директоры Еркін Әбіл, белгілі археолог Зейнолла Самашев т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бозоқ» Ұлттық паркі – Астананың туристік бренді әрі маңдайалды рәмізі ғана емес, елорда тұрғындары мен қонақтарының мәдени демалыс орнына айналып, ішкі және халықаралық туризмнің өсуін қамтамасыз етеді.

Іс-шарада сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Бозоқ» қалашығының тарихи құндылығы зор екенін атап өтті.

«Бұл жерде ұлттық саябақ құрудағы мақсат – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау және онымен үндес болу, оны қалың жұртқа көрсетіп, танымал ету. Болашақта бұл аумақ Ұлы дала тарихын бейнелейтін кешенді археологиялық саябаққа елордамыздың тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерді тартатын орталыққа айналады», – деді министр.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов көне қалашықтың тарихы мен маңызы туралы айта келіп, іргетасы қаланған ауқымды жобаға сәттілік тіледі.

Ал «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева бүгінгі бас қаланың тарихы осы шаһардан басталып, ежелгі дәуірде онда адамдар өмір сүргені жайында ғылыми негіз бар екенін жеткізді.

«Бұл туралы 1998 жылы Бозоқ қалашығын аш­қан есімі әлемге танымал археолог Кемел Ақы­шевтің ғылыми тұжырымдамаларының арқасында біліп отырмыз. Ежелгі шаһардың қиран­дылары Бұзықты көлінің шығыс жаға­лауынан табылған. Осы 20 жыл ішінде ғалымдар бұл аймаққа қазба және зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, ауқым­ды істер ат­қарды. Мұнда табыл­ған әрбір жә­дігер осы аумақ­тың бай мәдениеті болғанын дә­лел­дейді», деді аталған музей-қорығының басшысы.

Айта кетейік, жоба құрылысы 2025 жылға дейін жалғасады.