Республика күні қызылордалықтарға айрықша тарту жасады. Бір күнде қала мен облыс аудандарында балалар үшін 80 спорттық ойын алаңы, Оқушылар үйі мен балабақша пайдалануға беріліп, облыс орталығындағы қоғамдық көліктер қатары 40 автобуспен толықты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
– Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын! Мемлекет басшысының бастамасымен қайта оралған бұл күннің бәріміз үшін тарихи мәні жоғары, идеологиялық салмағы ерек, – деді Н.Нәлібаев.
Облыс орталығы тұрғындары үшін толғақты мәселенің бірі қоғамдық көлік еді. Мектептерде сабақ басталғалы бері көлік жетіспейтіні айқын байқала бастаған. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, аялдамада автобус күткен жұрттың жазған шағымынан көз сүрінетін. Елді алаңдатқан бұл проблеманың да шешімі табылатын күн жақын қалған сияқты. Мерекеде қалаішілік қоғамдық көліктер қатары жаңа 40 автобуспен толықты. Бұған дейін Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы жаңадан лизингке 150 автобус алуға 1,43 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен айда 21 жаңа автобус жеткізілген. Ал қараша айында қалған жаңа көліктер келеді.
Қаламен қатар ауыл халқы да игіліктен шеттеп қалмауы керек. Әсіресе елдімекен балалары үшін бар жағдай жасалуы қажет. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Балалар жылы шеңберінде қала мен аудандарда спорттық ойын алаңдарын салу бастамасын көтерген еді. Мерекеде демеушілер тарапынан қолдау тапқан осы идея бойынша құны 1,6 млрд теңге болатын 80 спорттық ойын алаңы қолданысқа берілді.
Осыдан аз күн бұрын меценаттар қаржысына Жаңақорған ауданы орталығында құны 790 млн болатын заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
Қалталы азаматтар аймақта мектеп, балабақша ашуға да ынталы болып отыр. Республика күнінде қалада 300 орындық балабақша есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін тағы 2 мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі. Соңғы 5-6 айдың ішінде жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд теңге жұмсап, ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.
Жалағаш ауданында құны 431 млн болатын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ұлттық мереке мезіретіндей болды. Таяу күндері Арал ауданында 150 млн теңгеге салынған «Балықшылар монументі» мен аллея ел игілігіне беріледі.
Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп табысталады. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты деп танылған мектеп орнына жеке инвестор есебінен 500 млн теңгеге білім ошағын салып жатыр. Оқушылар тасымалы үшін осы оқу жылында мектептерге 30 автобус беріледі.
Балалар жылынан бастау алған тағы бір жаңалық – облыс орталығында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтереді.
Жалпы, алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектеп салу жоспарда тұр. Оның тоғызының құрылысы келер жылы басталады.
Облыс кәсіпкерлері түрік компанияларымен бірлесіп, өндіріс орындарын ашуға талаптанып жатыр. Бауырлас ел іскерлері осы жылы қаланы жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасын қалады. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 3 жылда аяқталады. Тағы бір түрік компаниясымен жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Сыр елінде жаңа 1,6 млрд теңгені құрайтын Неке сарайы, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы, сол жағалаудан 2,7 млрд теңге қаржыға Қан орталығы салынып жатыр. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі.
Өңір өндірісіне келгенде ерекше айта кетер бір жаңалық, шыны зауытының күйдіру пеші қажетті температурасына жетіп, қазан айының 9 күні алғашқы сынама шыны өндірілді. Алда зауыт айналасынан 8 ілеспе өндіріс орнын дамыту жоспарланып отыр. Зауытта шыны-талшықты, композиттік материалдар және басқа да өнімдер шығарыла бастайды.
Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда. Осы күні өзге де демеушілер қаржысымен 100 млн теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.
Денсаулық сақтау саласында 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.
Аймақта Республика күні салтанатты жиынмен қорытындыланып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік награда тапсырылды.
ҚЫЗЫЛОРДА