Солтүстік Қазақстан облысында пәтер ұрлығы едәуір азайған. Жергілікті полицейлердің айтуынша, ұрлықтың алдын алуда кәсіби күзет қызметі мен бейнебақылау камераларының көмегі зор.
Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Руслан Даньяровтың айтуынша, адамдардың басым бөлігі тұрғын үйді қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау тәсілдері туралы біле бермейді. Облыста мұндай қызметті 14 жеке күзет құрылымы көрсетеді екен. Олар қызметтерін қолжетімді етуге тырысады, көбі пәтерлерді белгілі бір мерзімге күзетке алуға дайын, мәселен, еңбек демалысы кезеңінде.
– Пәтер ұрлығының санын азайту – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау жөніндегі бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі. Оны жүзеге асыру шеңберінде халықпен ақпараттық жұмыс жүргізіледі. Қазіргі уақытта облыста 1 173 пәтер мен үй күзетілуде, олардың 1 151-і орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған. Аталған объектілерде бірде-бір пәтер ұрлығы тіркелген жоқ, – деді Руслан Даньяров.
Криминалдық полиция қызметкерлері Солтүстік Қазақстан облысында пәтер ұрлығының азайғанын атап өтті. 9 айдың ішінде осындай 290 қылмыс тіркелген, оның ішінде ауыр санаттағы (заңсыз кірумен байланысты) – 84. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде 391 пәтер ұрлығы тіркелген, оның ішіндегі 91-і ауыр санатқа жатады. Ұрлықтың азаюы – 25,8 пайыз, пәтер ұрлығының ашылуы 79,3 пайызды құрады. Полицейлер мүмкіндігінше кәсіби күзетшілердің қызметін пайдалануға, көппәтерлі үйлердің кіреберісі мен аулаларда бейнебақылау камераларын орнатуға, мықты құлыптарды пайдалануға, бірінші қабаттағы тұрғындарға терезелерге темір торларды орнатуға кеңес береді.