• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қазан, 2022

Тоғыз айдағы табыс

113 рет
көрсетілді

Қаңтар-қыркүйек ара­лы­ғында Astana Hub қатысу­шыларының жиынтық табысы 147,7 млрд теңгені құ­рады. Бүгінде ха­лық­­ара­лық технопаркте 930 ІТ-компания тіркелген. Оның 170-і – шетелдік компания.

Astana Hub қатысушылары 12 мыңнан астам жұмыс орнын ұсы­нып отыр. Ал IT-қызметтер экспор­тының көлемі 82,6 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ қатысушы компаниялар өз жобаларына 172 млрд теңге көлемінде қаржы тартып, салықтық жеңілдіктердің нә­ти­­жесінде 47,6 млрд теңге үнем­деген.

– Astana Hub қатысушылары­ның кірісі дегеніміз – технопарктің кірісі емес. Бұл – технопаркте салық жеңіл­діктерін алып отырған 930 компа­нияның кірісі. Біздіңше, бұл – өте жақсы нәтиже, Үкіметтің IT-саланы ынталандыру бағытындағы іс-шараларының оң көрсеткіші. Технологиялық кәсіп­керлікті қол­­даудың нәтижесінде сала қар­қынды дамып жатыр, – дейді Astana Hub-тың басқару­шы директоры Ба­қытжан Ешмұ­хамбетов.

Расында да, технопарк қатысу­шы­ларының саны жылдам өсіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері 328 компания қосылған. Бұл ретте үшінші тоқсанда технопарк қатысу­шыларының кіріс көрсеткіші де 42 пайызға өскен.

– 2022 жылдың басынан бері IT-мамандар мен IT-ком­пания­ларды кө­шіруге деген сұра­ныс айтарлықтай өсті. Биыл 28 ақпан­нан бері технопарк қоныс аудару бойынша 3 мың­нан аса кеңес берді. Astana Hub мүшесі ре­тінде тіркелуге 142 өтініш түсіп, оның 117-сі комиссияның оң қоры­­тын­дысын алып үлгерді, – дейді Б.Еш­мұхамбетов.

Еске сала кетейік, Astana Hub қа­тысу­шысы мәртебесін алған­­дарға кірісте­рінің 1 пайызын тех­нопарк­ке аудару міндеті жүк­теледі. Сондай-ақ технопарк қатысушылары техно­логия­лық кәсіпкерлікті насихаттау және жаңа бастап жатқан стартапшыларды бау­лу үшін шеберлік сыныптарын, воркшоптар мен басқа да іс-шаралар өткізуге тиіс.