Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында Берлин техникалық университетінің филиалы ашылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мақсатындағы министрліктің бұл бастамасын бүгінде ШҚТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы қолдап отыр.
Айтулы күні Шығыс Қазақстанға іссапармен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орнының техникалық материалдық базасымен, ғылыми жетістіктерімен, тың жобаларымен танысты. Сонымен қатар университеттің ғылыми орталықтарын аралап, «Прототиптеу және материалдарды өңдеу» ғылыми өндірістік кешенінде, құрылыс және құрылыс материалдары саласындағы Құзыреттілік және трансфер орталығында болды. Ғылыми орталық қызметкерлері ведомство басшысына медицинада қолданылатын титан өнімдерін, газ-мұнай саласына арналған титан өнімдерін, тантал мен ниобийден дайындалған медициналық бұйымдарды, диқан планшетін, 3D-принтерлерді таныстырды. Бүгінгі таңда кез келген нысанның 3D құжаттамасын жасау және өлшеу нәтижелерін өңдеу үшін аппараттық және бағдарламалық жобалар қажет. Сондай-ақ техникалық, табиғи және мұражай объектілерінің 3D құжаттамасын жасау да сұранысқа ие. Одан бөлек 3D құрылыс принтерімен әртүрлі күрделі формадағы өнімдерді аз уақыт ішінде жобалап алуыңызға болады. Ал мұндай заманауи мүмкіндік аталған жоғары оқу орнының базасында бар.
Осы орайда университеттің өзге де жұмыстарына тоқталып өтейік. 2020 жылы облыстық мұрағат, облыстық кітапхана және облыстық музей материалдарын цифрландыру бойынша үлкен жоба іске асырылды. Атап айтсақ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ үшін кітап қорының 3мыңнан аса данасы цифрландырылды. Жалпы, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Ғылыми кітапханасы – Қазақстан аумағындағы 1 млн данадан аса қоры бар техникалық бейіндегі ең ірі жоғары оқу орны. Оның үстіне жыл сайын кітапхана қоры 10-15 мың дана кітапқа толығып отырады. Кітапхана құрамына 5 оқу залы, абонемент бөлімі және 7 мамандандырылған бөлім кіреді. Студенттер, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер қажетті оқу, ғылыми, көркем және анықтамалық әдебиеттерді кеңінен қолдануға, рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар жазу кезінде білікті кеңестер алуға мүмкіндік мол. Кітапхананада интернет желісіне қосылған 56 компьютер, мультимедиялық қор, планетарлық сканерлер, принтерлер, көшіргіштер кіреді.
Айтқандай, ғылым саласы да көш ілгері. Алдыңғы жылдары ҮМЗ АҚ-мен бірлесіп, университет қабырғасында импланттардың 20-дан аса түрін дайындау технологиясы әзірленді. Бүгінде оларды медициналық мақсатта пайдаланып та үлгерді. Өнімнің 3 табақшасы пациенттерге орнатылған. Қазір клиникалық сынақ кезеңі жүріп жатыр. Сондай-ақ импланттардың жаңа түрлерін жасау технологиялары әзірленуде. Атап айтсақ, украиналық жақ-бет хирургиясы қауымдастығының серіктестерімен бірге мойын ақаулары бар науқастарды оңалту үшін компьютерлік томография деректері бойынша 3D-басып шығару әдісімен медициналық импланттарды модельдеу және дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Университеттің ғылым саласында ашып жатқан жаңалықтары көп. Себебі білікті мамандардың көбі осы оқу орны қабырғасында қызмет етеді. Соның ішінде жылжымалы жол зертханасының рөлін айта кеткен абзал. Бұл зертхана автомобиль жолдарының жағдайын диагностикалауға, паспорттауға, бақылауға арналған. Жолдардың негізгі геометриялық параметрлерін, жол төсемдерінің беріктігін, жабынның тегістігін, қозғалыс қарқындылығы мен құрамын, жолдың құрылымдық элементтерінің болуы мен жай-күйін анықтауды қамтамасыз етеді.
Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында инженерлік-техникалық бейіндегі жоғары білікті кадрлардың сұранысын ескере отырып, беделді еуропалық университет филиалының ашылуы өңірдегі жоғары білімнің дамуына елеулі серпін береді. Сонымен қатар алдағы уақытта неміс технологияларын облыстың өндірістік кәсіпорындарында пайдаланып, жұмыс барысын жеңілдетіп, сапасын арттыруы әбден мүмкін.
Берлин техникалық университеті филиалының ашылуына байланысты Қазақстаннан ғана емес, ТМД мен Азия елдерінен де талапкерлердің айтарлықтай көбеюі күтілуде. Ілкімді істердің нәтижесінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары бірлескен ғылыми-зерттеулерді жүргізу және оларды одан әрі коммерцияландыру бөлігінде еуропалық әріптестермен неғұрлым тиімді ынтымақтастық құра алады.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері мен қызметкерлерінің өңір мен ел дамуына қосып жатқан ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады. Кездесу соңында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ басқарма төрағасы-ректор Сәуле Рахметуллина алғысын білдірді.
Шығыс Қазақстан облысы