• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қазан, 2022

Дәстүрлі турнир

192 рет
көрсетілді

Алматыда биылғы ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті. Бұл бәсекеде екі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жүлдеге ие болды.

Kazsports.kz-тің хабарлауын­ша, ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев қыс­қа және еркін бағдарламаны қос­қанда 192,67 ұпай жинады. Қазақ­стандық спортшы тек грузин Ника Егадзеге (208,47 балл) есе жіберді. Үздік үштікті әзербайжандық Владимир Литвинцев (188,77) түйіндеді. Бұл сында Рахат Бралин 4-сатыдан көрінді (181,22 ұпай). Қалған қазақстандықтардың нәтижесі: Олег Мельников – 6-орын (162,30), Елисей Волков 8-орын (101,96).

Ал әйелдер арасында оңтүстік­кореялық Минче Ким ешкімге дес берген жоқ (158,84 ұпай). Отан­дасымыз Анна Левковец қысқа бағдарламадан кейінгі орнын жалпы есепте де сақтап қалып, күміс медальға қол жеткізді (145,43 ұпай). Қола жүлде тағы бір оңтүстіккореялық Дабин Чхвеге бұйырды. Ол Аннадан небәрі 0,4 ұпай қалып кетті (145,06). Өзге қазақстандық мәнерлеп сыр­­ғанаушылардың нәтижесі төмен­­дегідей: Анна Фарафонова – 7-орын (122,51), Багдана Рахи­шова – 9-орын (111,88), Ясмин Текик 10-орын (105,70).

Жұптық сында көптеген маман болжағандай, жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жеке-дара топ жарды (188,30). Күміс жүлде герма­ниялық Дженнифер Янсе ван Ренсбург пен Бенджамин Стеф­фан дуэтіне бұйырса, қоланы мажар­стандық Мария Игнатьева мен Даниил Шемко қанжығасына байлады. Алғашқы алтылықта өнер көрсеткен қазақстандық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қос бағдарламадан соң, 7-сатыға жайғасты (145,12 ұпай).

Жалпы, биылғы додада Қазақ­стан, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзербайжан, Молдова, Арме­ния, Грузия, Украина мен Қыр­ғызстан спортшылары бақ сына­ды. Отандастарымыз барлық бағ­дар­ламада өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының қола жүл­дегері Денис Тенді еске алуға арналған бәсеке алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Былтыр мәртебелі турнирді Астана қала­сы қабылдаған. Ол кезде 18 ел­дің спортшылары еліміздің бас қаласында өзара шеберлік байқасқан.

Denis Ten Memorial Challenge турнирін Спортты дамыту дирекциясы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Денис Тен қоғамдық қоры ұйымдастырды.

«Халық аренада» марапат­тау рәсімінен кейін турнир жеңім­паздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен Гала-шоу өтті.