• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қазан, 2022

Сарапшылар ұстанымы

365 рет
көрсетілді

Қостанайда «Sarap» эксперттік клубы «Кезектен тыс президент сайлауы: еліміздің саяси жүйесін трансформациялау жолындағы кезекті қадам» атты көшпелі отырысын өткізді.

Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігінің қолдауымен Қазақ­стан қоғамдық даму институты ұйымдастырған іс-шараға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, жер­гілікті мемлекеттік орган­дар­дың өкілдері, саясаттанушылар, бел­сенді жастар мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Отырысқа қатысқандар ел өмі­рін­дегі маңызды науқанның саяси маңызын талдап, алда келе жатқан сайлау барысында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету жол­дарын қарастырды. Ондағы инно­вациялар мен өзгерістерді тал­қы­ла­ды.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Конс­тан­тин Петровтың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауына 12 үміткер ұсынылған. Қазір сайлауалды үгіт-насихат кезеңі бас­талды. Жалпы, кезектен тыс сайлауды өткізудің кезекті сайлаудан айырмашылығы аз. Яғни екі жағдайда да сайлауға дайындалу және оны өткізу үдерістері бір ережеге негізделеді. Тек үміткерлерді ұсыну, оларды тіркеу мерзімінде ғана аздаған айырмашылық бар.

– Көпшілік арасында үміткер­лер­ді тек саяси партиялар ғана ұсына алады деген жаңсақ түсінік бар. Тіпті кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының өзі кейде осындай қателікке жол беріп жатады. Шынтуайтына келгенде, президент сайлауына республикалық қо­ғам­дық бірлестіктер де өз кандидаттарын ұсына алады. Біз мұны іс жүзінде көріп отырмыз. Мысалы, қазіргі Мемлекет басшысының кандидатурасын үш партиядан бөлек, тағы бірнеше қоғамдық бірлестік ұсынып отыр. Айта кететін тағы бір мәселе, 19 қараша тыныштық күні деп белгіленді. Яғни бұл күні үгіт-насихат жұмыстарының бәрі тоқтатылады. Бұрын жарияланған материалдар сайттарда сол күйі тұра береді, бірақ үгіт-насихат мазмұндас контент тыныштық күні бас бетке шығып кетпеуі керек, – деді К.Петров.

Жиында облыс әкімі аппара­тының басшысы Мұрат Сандыбаев сайлауды ұйымдастыру және оны материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету барысында атқа­рыл­ған жұмыстарды баян етті. Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мекебаева сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі сайлаушылармен қалай жұмыс істейтіні туралы есеп берді.

Сарапшылар отырысынан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары жергілікті сайлау учаскелерін аралап, комиссия өкілдеріне арналған семинар-тренингтің барысымен танысты.

 

Қостанай облысы