• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 31 Қазан, 2022

Үміт – микроқаржы нарығында

213 рет
көрсетілді

Біздегі шағын және орта бизнестің шаруасы бір түзеліп кете алмай-ақ қойды. Себеп – қаржыландыруда. Енді еңсе тіктей бергенде – пандемия, одан арылып қайта көктейін деп жатқанда геосаяси ауыртпалық келіп тізерлетіп кетті. Үміт – микроқаржылық ұйымдарда. Аталған қаржы ұйымдары экономикаға кредиттік қолдауды күшейтуде көп көмегін тигізіп жатыр. Соңғы бір жылда бұл нарықтың қарыз портфелі 58 пайызға артқан. Осының өзі МҚҰ-лар әлеуетінің кәдімгідей өскенін көрсетеді.

Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту керек деп ұрандата айтылады. Тіпті бұл саладағы кәсіпорын саны да көбейіп жатыр. Бірақ сан көбейгеннен сапа артып кеткен жоқ. ШОБ-тың аяғына оратылып жатқан кедергі көп. 2022 жылы тамыздың соңындағы дерек бойынша 178,7 мың шағын белсенді кәсіпорын бар. Былтырғы көрсеткіштен 9,7 пайызға көп. Ал жеке кәсіпкерлікті тіркегендер саны 24,8 пайызға артып, 1 млн-нан асқан. Бірақ ішкі жалпы өнімдегі шағын кәсіпкерлік үлесі 26,8 пайызды, шағын және орта бизнес үлесі 33,5 пайызды құрайды.

Ranking мәліметі бойынша, көрші Өзбекстанда ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 50 пайыздан асады. Дамыған елдерде тіпті 50 мен 60-тың ар жағында. Әрине, олармен салыстырар болсақ, біздің жағдай онша емес. Әрі осы 30 пайыздың айналасында үйелеп қалғанымызға да біраз жыл болды. 

«Шағын және орта бизнестің дамуын тежеп тұрған маңызды фактор – жет­кілікті деңгейде қаржыландырудың болмауы. Мысалы, банктер негізінен ірі мегаполистердегі шағын бизнестерге несие береді. Алматы мен Астананың жалпы үлесі 68 пайызды құрайды. Сәйкесінше, өзге қалалардағы өркен жайғысы келетін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банк займына қолы жете бермейді. Ал алыс елді мекендерде тіршілік етіп жатқан бизнестің ахуалы тіпті қиын», деп мәлім етеді Ranking.

Мұндайда микроқаржы ұйымдары ал­дың­ғы қатарға шығады. Банк мұрнын шүйірген кеңістікке МҚҰ-ның мейірімі түссе, кәнекей. Сектордағы лидер саналатын KMF-тің бүкіл өңірде, оның ішінде алыс аудандарда 114 бөлімшесі бар екен. Бұл МҚҰ-ның клиент базасының 68 пайызын ауыл тұрғындары алып отыр. Сондай-ақ KMF қарыз портфелінің толымдылығы бо­йынша да лидер: 191,3 млрд теңге. Компания ШОБ субъектілері мен микрокәсіпкерлерге – микроқаржыландыруды, тұтынушылық және топтық микрокредиттеуді, автокредиттеуді және ЕҚДБ-ның GEFF «жасыл» экономиканы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде «жасыл» қаржыландыруды ұсынады. Ол микрокредит сомасының 10 пайызына дейін кешбэк алу мүмкіндігімен тиімді және энергия үнемдейтін жабдықтарды сатып алуға бағытталған. Энергияны үнемдейтін технологияның көмегімен тұрғын үйді немесе бизнесті жаңартуға болады. Екінші орында – қарыз портфелінің сомасы 124,5 млрд теңгені құрайтын MyCar Finance. Үшінші орында «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» (123,1 млрд теңге). Соңғы екі компанияның тікелей автонесиелеу сегментінде белсенді жұ­мыс істейтінін айта кеткен абзал.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров ұсынған дерек бойынша 2012 жылдан бері ШОБ шығаратын өнім көлемі 42,8 трлн тең­геге жеткен. ІЖӨ 82,2 трлн теңгені құрап, жұ­мыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 1,4 млн субъектіге жеткен. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны – 3,5 млн. Ал секторды несиелеу сомасы 5,7 трлн теңгеден асты.

«Соңғы 10 жылда мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың өнім шығару көлемі 53 трлн теңгені құрады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларын алушылар шамамен 118 мың адамды жұмыспен қамтыды», дейді Ә.Қуантыров.

Жалпы, ұлттық жоба аясында кредиттер бойынша субсидиялау және кепілдік беру; жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру; қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; ШОБ үшін ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсету жоспарланып отыр.