• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 31 Қазан, 2022

Азық-түлікті арзандату жолы

318 рет
көрсетілді

БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының есебіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында азық-түлік индексі шамамен 40 пайызға көтерілген. Яғни аграрлық сала болашақтың мұнайына айналады. Ал азық-түлік қымбаттап жатыр. Сондықтан Қазақстанда «әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынады» деген күйді кешіп жүрген әрбір фермерге ескерткіш тұрғызуға болады. Бұл – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ербол Есенеевтің пікірі.

Ұлттық палатадағы Агро­өнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің пікіріне ден қойсақ, шаруаларға субсидия бөлу арқылы азық-түлік бағасын реттеу қиын. Оның үстіне, жалпы елдегі субсидия көлемі аз – фермерлерге таратқанда тиын-тебен ғана қалады. Сарапшы субсидия бөлуде «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының ұста­нымына тоқталып өтті.

– Әрине, шаруаларға субсидия керек. Мемлекет бәріне бірдей суб­сидия бермейді. Белгілі бір салаға басымдық бере отырып бөледі. Бұл – дұрыс жүйе. Жаңа техно­логияны енгізіп, заманауи әдіс­тер арқылы өнім көлемін арттыра­тын немесе әлеуеті жоғары салаға субсидия бар. Сонымен қатар шаруалар «мен фермермін, демек маған субсидия беру керек» деген біржақты ойдан аулақ болуы керек. Нарық бар жерде сұраныс пен талап болады. Сол себепті мемлекет өсімге басымдық береді және ұлттық палата бұл ұстанымды қолдайды, – дейді Е.Есенеев.

Сарапшының айтуынша, елі­міз 5 млрд долларға азық-түлік им­порт­тайды, ал экспортталатыны – 3 млрд доллардың өнімі. Баланс жоқ.

– Біз тоннасы 1-1,5 мың доллар­лық бағамен ішке өнім кіргіземіз. Бірақ сол заттың шикізатын 300-350 долларға сатамыз. Мысалы, бидай, ет, көбіне тірі қара мал солай тепе-теңдікті сақтамайды. Бұл дұрыс емес. Алдағы 5-10 жылда осы тепе-теңдекті реттеу керек. Біз ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Нақты бағыт бар – импортты алмастыру. Отандық өнімді арттыру қажет, – дейді палата өкілі.

Сондай-ақ сарапшы азық-түлік бағасын нарық реттейтінін жет­кізді. Ал экспортқа тыйым салу, қоймада «уақыты келгенін күту» секілді амалдар тиімсіз екенін атап өтті.

– Өкінішке қарай, қазір мемлекет экспортты реттеуге жиі араласады. Мысалға, бидай, май, тұқым майына, етті экспорттауға бірде тыйым салады, бірде алып тастайды. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіреді. Онсыз да нарық құбылмалы, оның үстіне тағы бір тыйым қосылған кезде шаруалар бұл саламен айналысуды доғарғысы келеді. Ал азық-түлік бағасын төмендету үшін өнімді көбірек өндіру керек. Басқа формула ойлап табудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Е.Есенеев бұдан бөлек тауар­дың өзіндік құнына техника, еңбек көзі, қажетті құрал-саймандардың қым­баттауы, логистика секілді әсер ететін факторлар көп екенін де ес­кертті. Сол себепті сарапшы бағаның құбылмалы екеніне әр­да­йым дайын болу керектігін айтты.

– Әрине, қоғамның кейбір бөлігі үшін бұл баға тым қым­бат болуы мүмкін. Бірақ кәсіп­кер бағаны жайдан-жай көтер­мейді. Оның түпкілікті бағасын бел­гі­легенде өндірістегі негізгі шығын­дары мен сату сөресіне дейінгі шығынды есептеп қояды. Мысалы, биыл ауыл шаруа­шы­лығының техникасы қымбаттады. Былтыр К700 бағасы 40 млн теңге­дей болса, биыл 86 млн теңгеге жетті. Өткен жылы ең қарапайым ком­байн 70 млн теңге болса, биыл 140 млн теңге тұрады. Бұл тауар­дың өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Сол себепті тұтынушы азық-түлік бағасы тым арзан немесе тегін болады деп ойламауы керек, – деп түсіндірді Е.Есенеев.

Ұлттық палата өкілі еліміздегі шаруалардың еңбегін ерекше атап өтті. Фермер аяқ астынан күн суып кетсе, егінді үсік шалмасын деп шабылса, қуаңшылық жайласа, қалай суарамын деп тағы бір қиналады. Бұл табиғи факторлардың өзі шаруаның өніміне тікелей әсер етіп, сол кезден-ақ бағасына ықпа­лын тигізбей қоймайды. Адами факторлармен алысып жүргенде мұндай қиындықтарға тап болса, бұл тығырықтан да жалғыз шы­ғуға тырысатын тағы сол – шаруаның өзі ғана.

– Қазақстандағы әрбір фермерге ескерткіш тұрғызуға болады. Шаруалар баланс іздейді, тауар өндіруге тырысады. Сол себеп­ті мемлекеттің қолдауын күтіп жүрмейді. Өйткені мемле­кет­тің қолдауы бүгін жарияланса, ертең басқа адам келіп жоя­ды. Ішкі нарықта арзан өтсе, сыртқа шығарғысы келеді. Себебі ішкі нарықты қамтып отыр. Ал экспортқа апарайын десе, шектеу қоя салады. Осылайша, техниканы жаңарту, кадрларды даярлау кейінге қала береді. Ал фермердің көз алдында алдағы 5 жылға нақты жоспары тұрса, мемлекет қолдауын тұрақты көрсетсе, онда шаруашылық дамиды. Онда бәріміз егін егіп, мал бағуға құштар болар едік, – дейді ол.