• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Қараша, 2022

Жаңа депутат сайланады

131 рет
көрсетілді

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Ол 2022 жылдың 12 қазанында Ортсайлауком Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың өкілеттігін тоқта­туға әкеп соқтыратын негіздің пай­да болуы туралы қаулы қабылдағанын айтты. Парламент Се­натының 2022 жылғы 13 қазан­дағы қаулысымен Сенат депу­таты А.Қ.Күрішбаевтың өкілет­тігі тоқтатылды. Сондай-ақ ол Қа­зақ­стан Республикасындағы сай­лау туралы Конституциялық Заң­ның 69 және 83-баптарына сәйкес, Орталық сайлау ко­мис­сия­сы Парламент Сенаты­ның депутатынан шығып қал­ған­дардың орнына олардың мер­зімінен бұрын тоқтатылған сәті­нен бастап екі айдан кешіктірмей сай­лауды та­ға­йындауға тиіс еке­нін атап өтті.

Бұл ретте, Ортсайлаукомның шешімімен шығып қалған депу­таттың орнына Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенатының депутатын сайлау 2022 жылғы 22 желтоқсанға бекітілді.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров Конституцияға сәйкес, отыз жас­қа толған, соңғы он жылда ел аума­ғында және тиісті облыстың, рес­публикалық маңы­зы бар қаланың не астананың аума­ғында кемінде үш жыл тұрақ­ты тұрып жатқан Қазақстан Респуб­ли­касының азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар, кандидаттың жо­ғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы керек. Бел­сенді сайлау құқығына ие болуы қажет.