• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 01 Қараша, 2022

Ақаң мерейтойы – Түркия төрінде

297 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына орай ТҮРKСОЙ ­аясында Ыстамбұл қаласында «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі өркениеті» атты ғылыми конференция өтті. Алқалы жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Маджидли Физули, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев, Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Ыстамбұл университетінің ректоры Махмут Ак, сондай-ақ осы шараны халықаралық деңгейге көтеруге атсалысып жүрген велошеруші, аудармашы Ернат Мелсұлы қатысты.

Конференцияның модераторы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ең алдымен тұлғаның түркі дүниесіне ортақ мұрасына тоқталды. «Ахмет Байтұрсынұлы – түркі халықтарына ортақ тұлға. Оның ілімі халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе, түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда реформаторлық идеяларымен ерекшеленеді», деді ол.

Жиын барысында отандық және Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз­станның алаштанушы, ахмет­тану­шы ғалымдары баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай баян­дамасында алаштықтардың ұлт руха­ниятындағы орасан еңбегін атап өтті.

«Ұлттық тәуелсіз сана туралы идея­ның тұғырын Әлихан Бөкейхан саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынұлы соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін», деді ғалым.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова «Ахмет Байтұрсынұлы – отарлауға қарсы тұр­ған ұлт ұстазы» атты баяндамасында: «Жазған сөз жаным ашып Алашыма!» деп өзінің өмірлік ұстанымын айқындап алған Ахмет Байтұрсынұлы Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен бірегей ғалым» екенін айтты.

Сонымен қатар аталған конференцияда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы», А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық «Ұстаз жолы: ауыл мұғалімінен Білім министріне дейін», Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы (Өзбекстан Республикасы) Маханбет Жүсіпов «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ және жалпы тілтанымында тіл, тілдесім, тілдесімдік қызмет, тіл материалы ғылыми ұғымдары концепциясының негізін қалаушы», Қ.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы (Қырғыз Республикасы) Ташполат Садықов «А.Байтұрсынұлы және қырғыз тілтаным терминологиясының қалыптасуы», Баку Славян университеті Түркология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының докторы (Әзербайжан Республикасы) Нурида Новрузова «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдеріндегі терминология принциптері туралы» тақырыптарында баяндама жасады.

Конференция аясында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін танытуға арналған кітап көрмесі, ұлт ұстазының өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме ұйымдастырылып, «Қазақ өркениеті және Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.

Сондай-ақ жиын барысында «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» (қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде) және Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұсынылған Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» кітаптары таныстырылды.