• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2022

Өңірдің интерактивті картасы

255 рет
көрсетілді

Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары кезекті авторлық құқыққа қол жеткізді.

Авторлық құқық иелері Мирас Айтбек пен Даниял Молдыбеков бір­ле­сіп, Абай өңірінің мәдени-тарихи мұра­ларының интерактивті картасын әзірлеп шықты. Аталған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары туралы үш тілде ақпарат ала алады.

«Картамыз әзірге макет түрінде жасалды. Десе де саяхатшыға қажетті ақпараттың барлығын қамтыдық деп айта аламын. Неге десеңіз, Семей –Қарауыл күре жолынан бастау алатын  карта маршрутында Күшікбай асуынан Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Қасқабұлақ, Ойқұдық, Еңлік-Кебек үңгірі, Ералы жазығы, Әйгерім қыстауы, Жидебайдағы мемориалды кешенге дейінгі  тарихи-мәдени орындар жайлы мол мағлұмат береді. Біздің картамыздың артықшылығы – саяхатшыға ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпарат­тар жүктелді. Ал осы ақпараттарды оқы­май, тыңдағысы келетіндер үшін аудио жазба енгіздік. Демек, өзіне керек ақпаратты әртүрлі әлеуметтік желіден іздеудің қажеті жоқ. Барлығы бір жерге топтастырылған біздің картаны пайдаланса болғаны», деді жоба авторларының бірі Мирас Айтбек.

Шәкірттердің ғылыми жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Мақсат Құда­гел­диннің сөзіне сүйенсек, жас зерттеу­шілер аталған жобамен біраздан бері айналысып келеді.

«Ұстаз болған соң шәкірттері­міз­дің осындай ізденістеріне үнемі қолдау білдіріп отырған дұрыс. Біз бағыттаушымыз. Қажет болған жағ­дайда тиісті көмегімізді көрсетеміз. Енді біз­дің алдымызда жобаны жетілдіру жұ­мыс­тары тұр. Ендігі мақсатымыз – кар­та макетін толыққанды сайтқа айнал­­дырып, оның ғаламторсыз жұмыс істе­­уіне жағдай тудыру», деді ғылыми жетекші. Жас зерттеушілер интерактивті карта жасау идеясы ұлы­лар өлкесінің облыс мәртебесін алуына байланысты туындағанын, сондай-ақ жаңа жобаны сол қуанышқа қосқан сыйы екенін жеткізді.

 

Абай облысы