• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 02 Қараша, 2022

«Қазақанимация»: мақсат пен міндет

465 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде көркем өндіріс саласы, атап айтсақ, әдебиет, театр, кино, анимация белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетістіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятындағы әр салада жүйесіздіктен туындаған үлкен мәселелердің бары анық. Барлығына кәсібилік һәм қаржылық қолдау жетіспейді. Анимациялық фильм тақырыбында да сол түйткіл: шектеулі уақыт, шала мультфильм, ізденіс жоқ, мүмкіндік аз, тендерге тірелген тірлік.

Отандық анимациядағы осындай ішмерез мәселелерді шешу үшін бір жылдары «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында аталған саланы дамыту міндеттері қарастырылған еді. Соған орай былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» жанынан «Қазақанимация» бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан. Аталған жоспардың бір парасы, міне, биылғы Балалар жылының аясында іске асып отыр.

Жуырда Халықаралық анимация күні қарсаңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­студиясының жанынан құрылған «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің ресми ашылу салтанаты өтті. Сонау 1967 жылы тү­сірілген Әмен Қайдардың клас­сикалық туындысы – «Қар­лығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен басталатын қазақ анимациясына биыл 55 жыл толып отыр.

Мерейтойлық датаға орай іс-шараға отандық анимация ардагерлері – Тамара Мұқанова, Эрнст Бийсеитов, Гүлмира Са­дықова, Галина Дусенко, Абай Тоқшабаев, қазақ киносының тарланы Асанәлі Әшімов және басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты. Әрине, салтанатты жиын Әмен Қайдардың мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

«Бірінші кезекте, барша­ңызды осындай маңызды күн­мен, атап айт­қанда, қазақ ани­мациясының 55 жыл­дығымен шын жүректен құттық­таймын. Бұл мере­келік мерейтой біздің ортақ ісі­мізге қажымай, баға жетпес үлес қосқан, қазақ ани­мациясының ардагерлері мен ізбасарларына шексіз алғы­сымызды білдіреміз. Олар он­даған жыл бойы тынымсыз ең­бек етіп, тәуел­сіз Қазақстанда анимациялық саланың қайта жандануын армандады», деді «Қазақ­анимация» ШБ басшысы Жәнібек Оразалы.

Қазақ мультипликациясының 55 жылдық тарихында екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студия ашылыпты. 2018 жылы ани­мациялық киностудия қауым­дастығы құ­ры­лып, рухани-мә­дени маңы­зы бар бірқатар жоба жасауда. Соның ішінде жыл сайын ұйым­дастырылатын Ха­лықаралық Amen animation film festival-ды ай­­рықша атап өтуге болады. Ендігі жылы қа­зақ анимациялық кино өне­­рінің атасы Әмен Қайдардың туға­нына 100 жыл толмақ. Осынау ғасыр­лық мерейтой қар­саңында «Қа­зақ­анимация» шығармашылық бірлес­тігінде Ұлттық киноны қол­дау мемле­кеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қыс­қаметражды мульт­фильм түсіріліп жатыр.

Айта кетейік, аталған шы­ғар­­машы­лық бірлестіктің жұ­мы­сы басталған үш айдың ішін­де анимация саласындағы әлемнің жетекші мамандарының шебер­лік сыныптары өткізілді. Мәсе­лен, Ресей Фе­дерациясы, Фран­ция және басқа да көп­те­ген елдің же­текші ма­мандары Константин Брон­зит, Михаил Петрищев, Ма­­рия Кор­нилова, Эдвард Кур­чев­ский, Алексей Андреев, сон­дай-ақ жас қазақ­стандық маман­дар Баян Әділбек, Иван Арда­шов және Маржан Жүнісбек бар. Оқу бағдарламасы барысында сту­денттер мен жоба қаты­су­шы­лары шетелдік және қазақ­стандық ма­мандардың дәріс­тері мен прак­тикалық са­бақ­­тарына қаты­сып, кәсіби тә­жіри­белерін шың­дады.

Ал қазір «Қазақанимация» шығар­машылық бірлестігі кон­курс­тық не­гізде респуб­лика­ның түкпір-түкпі­рінен жиналған 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап алды. 5 минуттық анимациялық картиналар­дан тұ­ратын 20 пилоттық жобаны желтоқсан айы­ның соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Осы бастамалардың ізімен анимация саласындағы жас таланттарды жұмыспен қамтамасыз ету мүм­кіндігі пайда болды.

Шығармашылық бірлестіктің ашы­­луында «Жанұя» балалар үйі­нің тәр­биеленушілеріне «Мұз­­балақ» ани­мациялық мульт­фильмі көр­се­тілді.

«Біз мультфильмдерді әдетте те­ле­ди­дардан немесе YouTube-тан көре­міз. Мысалы, «Маша мен аю», «Фик­сиктер», тағы бас­қа­лар. Бірақ маған қазақ мульт­фильмдері ұнайды. Бүгін «Мұз­балақты» ал­ғаш рет көріп, үлкен әсер алдым. Басқа да «Батырлар жыры», «Ал­дар Көсе» сияқты мульт­фильм­дерді сүйіп көреміз», дейді Дина Болғынбаева.

Сондай-ақ іс-шара барысында қазақ анимациясының дамуына қос­қан үлесі үшін ардагерлер мен мультипликаторлардың қазір­гі буы­ны Мәдениет және спорт министр­лігінің арнайы ал­ғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, шығармашылық бірлестіктің кезекті бастамасы – шет­елдік компанияларда та­ғы­лым­дамадан өту мүмкіндігі бо­лып отыр. Қараша айының ба­сында анимация саласындағы мамандар біліктілігін арттыру үшін Түркия, Франция, Польша және Испанияның белді шетелдік студияларына барады.

Сонымен «Қазақанимация» бір­лес­тігінің жұмысы жүйелі түр­де жолға қойылса, мультфильм жасау өндірісі тоқтамаса керек-ті. Әрине, ең алдымен, өзінің бюджеті болады, 5-10 жылдық жоспары да дайы­н. Анимациялық фильм өндірісі тоқ­та­маса, осы саладағы маман­дар­дың да қолы босамайды, ізде­ністе жү­реді, білік­тілігі артады.