Бұл жолы «Ел үлесі – пәтерге» дейтін сауапты істің арқасында республика бойынша 609-баспана – Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының тұрғыны, III топтағы мүгедек, 4 бала бағып отырған көпбалалы ана Сәуле Айдарбекқызына бұйырды.
Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әли Хромтау ауданына барған сапары барысында табыстады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауданның бас имамы Ерік Сұлтановтың ұйымдастыруымен және мешіт жамағаты, ауыл тұрғындары мен жомарт жандардың демеушілігінің арқасында сыйға тартылған 1 бөлмелі пәтердің құны – 3 млн 400 мың теңге.
Мүмкіндігі шектеулі отбасыларға орасан қуаныш сыйлап жүрген «Ел үлесі – пәтерге» жобасы алдағы уақытта Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен осы өңірде жалғасын табады.