«Біз – Алаштың ұрпағы». Елордадағы Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияда өткен танымдық кездесу сабағының тақырыбы осылай аталады. Алаш қайраткерлерінің идеяларын қазық етіп алған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізінде өткен сабаққа М.Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясы, №72 мектеп-лицейі, С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясы, Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицейінің мұғалімдері қатысты.
Былтырғы оқу жылынан бері дәл осы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда мұғалімдер Алаш зиялыларының педагогика мен психология, әдістеме саласындағы мұраларын басшылыққа алып жұмыс істеп келеді. Ал биылдан бастап бұл тізімге Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының орыс тілі, тарих, математика пәндері қосылды. Астана қаласындағы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы зертханасының аясында жүргізіліп келе жатқан бұл игі іске мектеп басшылықтары жан-жақты қолдау білдіріп отыр.
«Сол үшін де аталған мектеп директорларына айтар алғысым шексіз», дейді «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразақынова. «Ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!» деген өсиеті бар. Алаш зиялылары аңсаған, ұлттық құндылықтары бойына сіңген ұрпақты – Әділетті Қазақстанның болашақ тұлғаларын біз, ұстаздар қауымы қалыптастырамыз. Ал бүгінгі сабақ соның бір бастамасы ғана», дейді Н.Оразақынова.
«Биылғы оқу жылында Алаш арыстарының білім жүйесіндегі әдістемелік мұраларын тәжірибемен үйлестіре отырып, сапалы білімге қол жеткізуді мақсат еттік. Осы бағытта Ахмет Байтұрсынұлының дыбыспен жаттықтыру әдісін мектепалды дайындық тобы мен 1-сыныпта жеке дыбыстармен дағды арқылы жаттықтырсақ, 3-4 сыныптарда күрделендіріп талдау жүйесі қолданылады», дейді №52 мектеп-гимназия директоры Ұлбосын Байтасова. Ол төл технологияны қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, тарих пәндерінде қолдану арқылы оқу ордасының білім сапасы 78 пайызға көтерілгенін де мақтанышпен айтып өтті. Аталған гимназияның 72 оқушысы халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Бүгінде мектептің 48 сыныбы осы технологияны қолданады. Оның ішінде 20 сынып – білім нәрін тез сіңіріп алатын 1-сынып оқушылары.
Сабақ барысында бастауыш сынып мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлының дыбыспен жаттықтыру әдісін «Сатылай кешенді оқыту» технологиясымен үйлестіре отырып 1-4 сыныптар аралығында тәжірибеде қалай қолданылатынын көрсетті. Санмен өрнектелген асықтар бойынша тапсырма алған мұғалімдер дыбыстарды сатылай талдап, сол дыбыстарға қатысты өлең жолдарын айтып берді.
Мұғалімдер күнделікті сабақтарында Алаш арыстарының нақыл сөздерін талдау нысанасы етіп алып, оқушыларымен үнемі ой толғау жұмысын жүргізуді әдетке айналдырған. «Сол арқылы бала тіл білімі салаларын терең, нық меңгерумен қатар ойларын еркін, айшықты жеткізуге дағдыланады», дейді семинарға жан-жақты дайындықпен келген ұстаздар қауымы. Сөзін ісімен дәлелдеп берген мұғалімдер сабақ кезінде Алаш зиялыларының алтын қорда сақталған нақыл сөздеріне ой-толғап, синтаксистік және сөз құрамына, лексика-грамматикалық мағынасына талдау жасады.
Семинар сабақтың қонағы, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы: «Мен тәуелсіздікке қандай үлес қосып жүрмін?» деген сұрақ туындағанда әркім әрқалай жауап береді. Осы тұста ғалым, ұстаз, тіл жанашыры ретінде профессор Нұрша Алжанбайқызының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Алайда «жалғыз ағаш орман болмайды». Ұстаз бен шәкірттің арасын жалғайтын мұндай төл технологияға үлкен қолдау керек. Ең бірінші оқушы, мұғалімдер мен ата-аналардың қолдауы қажет», деді.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы Жазира Ысқақова ұлттық жобаның қазіргі білім жүйесіндегі мәні, білім алушыларды технология бойынша оқытудың маңыздылығы жайлы ойымен бөліссе, журналист, алаштанушы Алма Сайлауқызы «Мағжан Жұмабайұлы педагогикасындағы ұлттық таным» тақырыбында презентация жасап, мұғалімдерге Алаш зиялылары артқан жауапкершілік жүгін ұлттық сипаттағы нақты мысалдармен пайымдап берді. Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Гүлдариға Кенжебаева да технологияның тиімділігі мен маңызына тоқталды. Ал дәстүрлі әнші Жаңабай Өтегенов сабақта Алаш зиялыларының әндерін орындап, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Айта кеткен жөн, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы мектеп тәжірибесінде 1994-1995 оқу жылдарынан бастап қолданылады. Төл технология Алаш арыстарының мұраларын оқыту құралы, әдістемесі болып саналады. Технология авторы, ғалым Нұрша Алжанбайқызы ұлттық білім беру үшін ұлттық мектеп қажет деген пікірді бұрыннан айтып келеді.
«Бүгінгі сабақта бастауыш сынып мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлының «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» деген көзқарасын нақты іс-тәжірибесімен көрсетіп отыр. Жүсіпбек Аймауытұлы бір пікірінде: «Мұғалім тіл сабағында сөйлеуге, жазуға, оқуға, қысқасы, әңгімеге жаттықтырады екен. Ал басқа пәндерді оқытқанда не істемек? Физиканы, жағрафияны, тарихты оқыту дегеніміз – осы пәндердің құбылысы туралы әңгіме ету емес пе? Ендеше, тілге төселдіру ғой...», дейді. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы 5-сыныпта қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, математика, орыс тілі пәндерін оқыту оқушыға өз бетінше әрекет етуіне, білім алуына ықпал етеді. Алаш арыстарының баланы оқыту, ұлттық білімге қатысты тұжырымдарына сүйенген технология арқылы пәндерді қалай сабақтастыруға болатынын, оның ерекшеліктері мен артықшылықтарын айқын көруге болады», дейді зертхана меңгерушісі Нұрша Алжанбайқызы.
Ғалым қазіргі жаңартылған білім мазмұнындағы басты қателік – балалардың сауатсыз жазуы мен сауатсыз сөйлеуі екенін айтады. «Ал сауатсыздықты грамматикасыз жоя алмаймыз. Себебі грамматика дегеніміздің өзі сауатты жазу мен сөйлеудің тірегі», дейді ол. «Алаш зиялылары дыбыспен жаттықтыруды, оқытудың түрлі тәсілдерін ұсынған кезде міндетті түрде грамматикаға сүйену керек дегенді білместіктен айтып отырған жоқ. Мәселен, жаңартылған бағдарламаны қолдайтындар «Сатылай кешенді оқыту» технологиясында коммуникация, яғни тілдік қатынас жоқ дегенді жиі айтады. Ал тілдік қатынас болмаса тілді қалай оқытуға болады?! Мұндағы тілдік қатынастың негізі Алаш арыстарының идеяларында жатыр. Ал тілдік қатынас не үшін керек? Ол тек баланың сөйлеу қатынасы емес, сонымен қатар сауатты сөйлеу, сауатты жазу, сөздік қорын байыту дегенді білдіреді. Егер баланың сөздік қоры бай болмаса, ол қалай тілдік қарым-қатынас орната алады?!», дейді технологияның негізгі тұжырымын түсіндіріп өткен профессор.
Технология авторы сөздік қорды байыту үшін баланы халық ауыз әдебиетімен сусындатып, мақал-мәтелдерді жаттатқызу, түрлі тақырыптағы ертегі, әңгімелерді оқыту, сондай-ақ классик ақын-жазушылардың мәтіндерін қолдана отырып балалармен тілдік байланысқа түсудің берері мол екенін айтады.
«Еңбектерімізде осы тәсілдерді басшылыққа аламыз. Басты мақсат – Алаш зиялыларының білім саласындағы мұраларын, әдістемелерін, педагогика-психология саласындағы еңбектерін қайта жаңғырту. Алаш арыстарының қоғамдық қызметі, әдебиеттегі рөлі, жалпы, тіл білімі саласындағы еңбектері қазіргі таңда жаңғырып, жаңа тыныс алып келеді. Алайда олардың әдістеме саласындағы еңбектерінің әлі де жаңғырмай отырғаны, мұғалімдер тәжірибесіне енбегені жасырын емес. Егер біз шын мәнінде сауатты, ұлттық құндылығы жетілген, ұлттың болашағын ойлайтын, туған тарихын, жағрафиясын тереңінен білетін, тілін қадірлейтін ұрпақ тәрбиелейміз десек, онда міндетті түрде алаштықтардың, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Телжан Шонанұлы, Әлімхан Ермековтің еңбектерін қайта қарап, бүгінгі білім жүйесіне енгізудің түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап табуымыз қажет», дейді Н.Алжанбайқызы.