Мәскеу қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 10-шы кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.
Форумда ТМД кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың заманауи сын-қатерлері жағдайындағы өзара іс-әрекет мәселелері зерделенді.
Ғизат Нұрдәулетов әріптестерін Қазақстанның өңірлік қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша ұстанымы жайында хабардар етті. Дәлірек айтқанда, ол ашық және сындарлы саяси-дипломатиялық диалог кез келген дағдарыстан шығудың тиімді әрі оңтайлы жалғыз жолы екенін жеткізді.
Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы өз баяндамасында ТМД-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ауғанстандағы жағдайды тезірек реттеу қажеттігіне назар аударды.
Іс-шара аясында Ғизат Нұрдәулетов Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу нәтижесінде екі елдің Қауіпсіздік кеңесінің аппараттары арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды.