• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Қараша, 2022

Ұлттық бояуы қанық туындылар

328 рет
көрсетілді

Жақында елордадағы Мемлекеттік Әскери-тарихи музейде Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Аманат Назарқұлдың «Елім менің» атты жеке көрмесі өтті. Мазмұнды іс-шара Респуб­лика күні­мен бір­ге Қазақстан мен Германия Федера­тив­тік Респуб­лика­­сының дипломатиялық қарым-қаты­насының 30 жыл­­дығына арналды.

Көрмеге талантты сурет­шінің кейінгі жылдары сал­ған 100-ден аса туын­дысы қо­йылды. Оның ішін­де графи­ка, кескіндеме жанрындағы еңбектері мен өзгеше бейнедегі мүсіндері бар. Қылқалам ше­бері­нің кез келген туындысы ұлттық бояу­ға бай. Әсіресе көне дәуір пен бүгінгі күнді бай­ланыстыра бедерлеген картиналарынан тарихымыздағы өз орны бар тұлғалардың асқақ рухы мен ержүрек бейнесін кө­ріп, кеудеңізді мақтаныш се­зімі кернейді. Суретшінің мону­менталды жанрдағы қол­таңбасын да айрықша атап өт­кен жөн.

Мәдени іс-шара барысында Әскери-тарихи музей директоры Ләззат Әлжан қайта жаңғырған Республика күнімен қатар өтіп отырған көрменің маңызын атап өтіп, суретшіге жылы лебізін жеткізді. Одан кейін көрмеге Алматыдан арнайы келген көрнекті қылқалам ше­бері Аман­дос Ақанаев қазіргі бейнелеу өнерінде өнімді ең­бек етіп жүрген суреткердің шығармашылығына жоғары баға беріп, оған Қазақстан көр­кем өнер академиясының алтын медалін табыс етті. Сон­дай-ақ өнертанушы Ли­дия Дроздова көрме иесі­нің ең­бек­теріндегі ерекшелік­те­ріне тоқталып, қылқалам ше­­беріне Франциядағы ха­лық­аралық Мондиаль арт ака­демиясының сертификатын тапсырды.

«Мен Аманат Назарқұлдың шығармашылығымен бұрын­нан таныспын. Ол И.В.Сури­ков атындағы Мәскеу көр­кем сурет институтын бітір­ген. Қәсіби қылқалам ше­бері. Әсі­ресе суретшінің «Скиф­тер – Кен­таврлар», «Ба­ба­лар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түн­­гі жо­­лау­шы», «Қорқыттың үш бұ­­ла­­ғы» атты туындыларын ұлт­­­­тық бейнелеу өнерінің қазы­насына айналды деп айта ала­мын. Бүгінгі көрмеге ұсы­нып отырған жұмыстары да ерек­ше, табиғилығымен баурап алады», деді Парламент Сена­тының депутаты Абдалы Нұр­алиев.

Көрме соңында сурет­ші Аманат Назарқұл шығар­ма­шылығы туралы қысқаша сөз қозғап, келген қауымға риза­шы­лығын білдірді.