Қазақстанда 2021 жыл соңғы онжылдықта кітапханаға бару бойынша рекордтық жыл болды, деп хабарлайды Egemen.kz rankind.kz сайтына сілтеме жасап.
«Белгілі бір дәрежеде цифрлық ақпарат құралдарының кеңеюі және электронды кітаптардың өсуі, яғни интернет «білімге монополияны ұрлады». Дегенмен, Қазақстан халқының кітапханаға деген қызығушылығы әлі де жоғары», делінген басылымда.
Деректер бойынша, соңғы 26 жылда кітапхана саны 7352-ден 3920-ға дейін екі есе қысқарған. Соған қарамастан, адамдар 1995 жылғы көрсеткішпен бірдей, тіпті 3,54% жиі келеді екен.
Ел бойынша цифрландыру деңгейінің өскеніне қарамастан, Мәдениет министрлігіне әлі де көп жұмыс істеу керек дейді сарапшылар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстан кітапханаларының 56,7%-ы ғана интернет желісіне қосылған. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (28,5%), Атырау (30,6%) және Алматы (32%) облыстарында тіркелген. Үздік көрсеткіш Алматыда. Оның кітапханалары интернетке 100% қосылған жалғыз өңір.