Бүгін Астанада өткен «Архив – ел тарихының қазынасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция аясында археографиялық зерттеулер, шетелден құжаттарды сатып алу және құжаттық дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев архив ісі саласында жүзеге асатын бірқатар жоба туралы айтып, өзекті мәселелерге де тоқталды.
«Біз – тарлан тарихын тасқа жазған, ұлт шежіресіне ұқыпты, рухани діңгегі берік халықтың ұрпағымыз. Көшпелі ғұмыр кешкен ата-баба жолын зерделеуде кез келген тарихи жәдігер біз үшін баға жетпес байлық, құнды қазына. Кейде архивтік құжаттағы жалғыз жазба тұтас ұлттың тағдырын шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан, бүгінгі басқосумыздың мәні осы тұрғыдан айрықша», деп атап өтті Дәурен Абаев.
Министр кешенді жоспар аясында салаға қатысты нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік архивтердің материалдық-техникалық жағдайын нығайту, Ұлттық архив қорларын толықтыру бойынша жұмыстарды жүргізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ сала мамандарына халықаралық ынтымақтастықты кеңейте отырып ел тарихына қатысты архивтік құжаттарды ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
«Архившілерден құралған ғылыми экспедиция мүшелері бүгінде 7000-нан астам құжат, оның ішінде 445 фотоқұжат, 206 кітап пен сирек қолжазбаларды сатып алды. Әкелінген құжаттар мен материалдардың хронологиялық кезеңі 918-1990 жылдар аралығын қамтиды. Құжаттар цифрландырылды және олардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға қабылданды. Бұл жұмыстың маңыздылығы жоғары», деді министр Дәурен Абаев.
Еліміздің мемлекеттік архивтері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметі аясында қосымша жұмыстар жүргізді. Қазіргі таңда аталған тақырып бойынша құпиясыздандыруға жататын құжаттар тізімі дайындалды. Алдағы уақытта Мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындысы бойынша көпшіліктің игілігіне айналатын ғылыми еңбектер мен құжаттардың жинақтары шығарылатын болады. Бұл туралы министр конференция барысында айтты. Әрі өскелең ұрпақты архив саласының жұмысымен жақынырақ таныстырудың маңызына тоқталды.
«Келесі жылы «Жас архивші» республикалық ғылыми жұмыстар конкурсы ұйымдастырылады. Өтінімдер 4 номинация бойынша қабылданады: «Қазақстан тарихы», «Архив құжаттарындағы өлке тарихы», «Тұлға тарихы», «Отбасы тарихы». Конкурстың басты талабы – архив құжаттары негізінде ғылыми жұмыстар дайындау. Одан бөлек, архив қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Үздік әдістемелік дайындау», «Қазақстанның үздік архиві» жалпы республикалық конкурстары өтеді», деді министр Дәурен Абаев.
Айта кетейік, биыл министрліктің бастамасымен «Архив және болашақ ұрпақ» атты республикалық жобасы ұйымдастырылды. Оның аясында барлық мемлекеттік архивтердің есігі мектеп, колледж, ЖОО студенттері үшін ашық болды, бір күнде 11 мың оқушы мен студентті қамтитын 552 іс-шара өтті.
Одан бөлек, биыл сала мамандары құжаттарды анықтау бойынша Германия, Польша, Чехия, Түркия, Франция, Мажарстан, Үндістан, Иран, Катар сияқты жалпы саны 14 елде ғылыми экспедициялар жүргізді.
«Архив қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Елдегі архив материалдарының қатпарлары неғұрлым көлемді болса, ел халқының өзі туралы есте сақтау қабілеті соғұрлым терең әрі сенімді болады. Архивтердің жоғалуы ішінара амнезияға ұқсас – көптеген маңызды естеліктер жойылса, жадыда оқиғалардың жекеленген үзіктері, бұлыңғыр бейнелер сақталады. Сондықтан сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте маңызды», деді Дәурен Абаев.