Қазақстан соңғы бес жылда жыл сайын шамамен 20 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Бұл – Ұлттық банк ұсынған ресми дерек. Ендігі міндет – осы көрсеткішті 25 млрд долларға жеткізу. Үкімет 2026 жылға қарай аталған межені бағындыруды жоспарлап отыр. Шетел инвесторларының берекелі елге үйір екенін ескерсек, тұрақты қалпынан танбаған Қазақстан үшін бұл межені бағындыруға мүмкіндік мол.
Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы бес жылдағы көрсеткіш көп-көрім. Тек 2020 жылы ғана COVID-19 пандемиясына байланысты инвестиция ағыны төмендепті. Яғни 17,2 млрд долларды құраған. Мұндай жағдай жалпы әлем бойынша қалыптасқанын ескерсек, дүрлігерлік ештеңе жоқ. Естеріңізде болса, 2020 жылы әлемдегі инвестиция ағыны 35 пайызға, ал Қазақстанда 29,8 пайызға қысқарған болатын. Дегенмен 2021 жылы Қазақстан жағдайды жедел түзеп алды. Былтыр тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының 23,8 млрд долларды құрауы соған дәлел. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 38,9 пайызға жоғары. Негізі соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы тіркелген екен – 24,4 млрд доллар.
Осы жылдың тамызында АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, өз баяндамасында нарықтық экономиканы құрудағы елеулі прогресті атап өтті. Қазақстанға бағытталған тікелей шетелдік инвестиция ағынының мұншалықты ұлғаюы экономиканың қалпына келуімен және корона дағдарысына дейінгі белсенділікке қайта оралуымен түсіндірілді.
Расында да, 2022 жылдың қаңтарында Қазақстан 54 елдің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Жапонияның азаматтары үшін визасыз режімді қалпына келтірді. Ал өткен жылы кәсіпкерлерге салықты үш жылға дейін кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін инвестициялық салық несиесін енгізді.
Мемлекеттік департаменттің сарапшылары тікелей шетелдік инвестиция өсіміне электронды үкімет порталы арқылы кез келген бизнесті онлайн тіркеу және жаңа инвестициялық келісім жасау сияқты бизнесті ашу мен жүргізу процедураларын жеңілдету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі де ықпал етті деп санайды. Шынында да, көптеген процедура қазір онлайн режімде қолжетімді. Бұрын шетелдік инвесторлар келісімшарттар мен лицензиялық мәселелерге қатысты жиі шағымданатын.
Шетелдік инвестиция тарту – Қазақстанның басты басымдықтарының бірі. 2022 жылғы маусымда Үкімет 2026 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатты бекітті. Соған сәйкес Қазақстан қосылған құны жоғары тауарлардың бәсекеге қабілетті өндірісіне инвестиция салумен басқаша жұмыс істемек.
Биыл тікелей шетелдік инвестиция көлемі қандай болатыны әлі белгісіз. Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 14,5 млрд долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 28,2 пайызға артық. Атап өтерлігі, биылғы көрсеткіштер бірінші тоқсанда да, екінші тоқсанда да былтырғыдан асып түскен.
АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің баяндамасында мәселеге кері әсер ететін жағдайлар да атап өтілген. Әсіресе саяси жағдай мәселені ушықтырып жіберуі мүмкін екен.
«Қаңтардағы толқулар, Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресеймен кең ауқымды экономикалық байланыстар және Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанға әсер етіп, инвесторларды алаңдатып отыр. Кейбір инвесторлар Қазақстанға инвестиция салуға құлықсыз болуы мүмкін. Ал басқалары Қазақстанды Ресейде бизнес жүргізуге тартымды балама деп санауы да ықтимал», делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында.
Бұл ретте, Қазақстан Үкіметі Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындауға дайын екенін білдіріп, Батыс инвесторларын Ресейден Қазақстанға көшуге шақырғаны есімізде. Атап айтқанда, 2022 жылдың қыркүйек айының соңында Премьер-Министр Әлихан Смайылов кейбір шетелдік компаниялардың Қазақстанға көшуге дайын екенін мәлімдеді.
– Қазіргі саяси жағдай ұлттық экономикаға кері әсер етіп қана қоймайды. Бүгінгі таңда 50-ге жуық шетелдік компания көрші елдегі өндірісін жауып, өндірісі мен кеңселерін Қазақстанға көшіруге ниет білдірді, – деді Ә.Смайылов.
Инвесторлардың алаңдаушылығын ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында тұрақты және тартымды инвестициялық ахуалды қамтамасыз ететініне уәде берген болатын және сол уәдесінде тұрды. Осы мақсатта экономикадағы монополиялар мен олигополиялардың шектен тыс рөлін тоқтатуға кіріскені сөзімізге дәлел. Сондай-ақ Президент наурыз айында жекешелендіруді кеңейту және сыбайлас жемқорлықпен күресу арқылы инвестиция тартуға болатын реформаларды жариялады.
Finprom.kz-тің хабарлауынша, былтыр салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп көлемі өнеркәсіпте, саудада, сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметі, көлік және құрылыс салаларында тіркелген екен. Жалпы, салалық құрылымда әдеттегідей тау-кен өнеркәсібі басым – 2021 жылы барлық тікелей шетелдік инвестицияның 40,8 пайызын иеленді (мұнай және газ өндіру – 28 пайыз). Екінші орында өңдеу өнеркәсібі тұр. Портфельдің 22 пайызы осы салаға тиесілі. Айтпақшы, жаңа инвестициялық саясатқа сәйкес өңдеу сегменті бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі драйверіне айналады.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылы тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 68,1 пайызға, сауда және автокөлік жөндеуде – 47,2 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 57,2 пайызға, көлік-логистика секторында – 12,8 пайызға, құрылыста 42,6 пайызға өскен. Білім, денсаулық және әлеуметтік қызметтерге, өнерге, ойын-сауық пен демалысқа салынған инвестиция 2020 жылғы 23,2 млн доллардан былтыр 8,9 млн долларға дейін азайған.
Жалпы, Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестициялар ағыны бойынша көшбасшылықты сақтап қалуға ниетті. Өйткені биылғы жоспарға сәйкес, көрсеткіш 25 млрд долларға жетіп жығылуы керек. Астанада жаһандық инвестицияларға арналған дөңгелек үстелде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров осыны аңғартты.
Сарапшылардың пікірінше, ел айналасында болып жатқан оқиғаларға қарамастан, инвестицияның өсуі әзірше 28 пайызды құраған. Негізгі инвестор елдердің қатарында Батыс Еуропа, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Ресей бар. Барлық инвестицияның шамамен 90 пайызы елімізге аталған мемлекеттерден келеді. Бірақ геосаяси ахуал мен санкциялар жағдайды өзгертіп жіберуі де әбден мүмкін. Алмас Айдаров айтқандай, біздің міндет – инвесторлар үшін тұрақтылық аралы болып қала беру және айналада болып жатқан оқиғалар инвестициялық міндеттемелерімізге әсер етпейтінін көрсету.
– Қазақстан ауыл шаруашылығы алқабының көлемі бойынша әлемде 6-орында, ондағы жердің 80 пайыздан астамы немесе 220 млн гектары өндірісте пайдаланылады және бұл бағытта еліміз агроөнеркәсіп саласындағы халықаралық тәжірибе мен жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына келетін болсақ, еліміз Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік хаб болып саналады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және Қытай елдерін қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушылардың тікелей нарығына қол жеткізе алады. Еліміздің мультимодальды логистика мүмкіндігін ұсынатын ірі нарықтарға жол ашуға толықтай мүмкіндігі бар, – дейді А.Айдаров.
Қазірдің өзінде Қазақстан Орталық Азиядағы барлық инвестицияның 70 пайызын тартып отыр. Инвестициялық экожүйені одан әрі жақсарту үшін Үкімет 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдады. Оны іске асыру 2025 жылға қарай 25 млрд долларға дейін тікелей шетелдік инвестициялар ағынын тартуға мүмкіндік береді. Тұжырымдама қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай инвестициялардың құрылымын өзгертуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін көздейді. ESG (environmental – қоршаған орта, social – әлеуметтік жауапкершілік, governance – корпоративтік басқару) принциптерін қолдану тенденциясының маңыздылығына сүйене отырып, тұжырымдамада тұрақты даму жобаларына инвестицияларды ынталандыруға баса назар аударылмақ.
– Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасында негізінен жеке инвестицияларға басымдық беріледі. Еліміздің экономикасын қалпына келтіру мен дамытудың драйвері болатын жобаларға басымдық берілетін болады. Осы орайда мемлекет өз кезегінде жекеменшіктің және заң үстемдігінің тұрақтылығына кепілдік беруге тиіс. Инфрақұрылым бизнестің бәріне бірей қолжетімді болуы қажет. Жалпы, Мемлекет басшысының жағдайды жақсарту жөніндегі берген тапсырмаларының нәтижесінде экономиканың бойына қан жүгіре бастады. Инвестиция тарту мәселесі де біршама жолға қойылып келеді. Шетелдік тікелей инвестиция да тартыла бастады. Мысалы, соңғы жылдары Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік тікелей инвестиция көлемі 20 млрд доллардың шамасында болатын болса, биыл бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 28 пайызға артып отыр. Мұның өзі шетелдік инвесторлардың Қазақстанда соңғы кезде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік саясатқа деген сенімдерінің ұлғая түскенін білдіреді. Елімізге инвестиция көп тартылатын болса, соғұрлым экономикамыз дамитынын естен шығармауымыз керек, – дейді экономист Жақсыбек Құлекеев.