Ұнның бөлшек саудадағы бағасы 45%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Egemen.kz Еnergyprom интернет басылымына сілтеме жасап.
Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында дәнді дақылдар мен көкөніс ұнынан, сондай-ақ олардың ұсақ тартудан алынған қоспаларынан ұн өндіру 2,3 млн тоннаны құраған, бұл былтырғымен салыстырғанда 1,5%-ға артық. Бұған дейін үш жыл қатарынан өндіріс көлемінің төмендегені байқалған.
Өндіріс көлемінің жартысынан астамы үш облысқа ғана тиесілі болған. Олар: Қостанай (784,1 мың тонна), Солтүстік Қазақстан (243,7 мың тонна) және Шымкент (197,6 мың тонна).
Өндірістің жалпы көлемінен ұсақ ұнтақталған бидай немесе қышқыл ұн шығару 2,2 млн тонна, бидайдан басқа дәнді дақылдардан алынған ұсақ ұнтақталған ұн – 5,8 мың тонна, биязы және ірі көкөніс ұны – 8,3 мың тоннаны құраған.