• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Президент 07 Қараша, 2022

Президент Маңғыстаудың инвестициялық әлеуетін арттыруды тапсырды

223 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Маңғыстауға сапарында облыстың инвестициялық әлеуетін арттыруды назарға алуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап. 

«Автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға ерекше мән береміз. Мен бұған дейін «Бейнеу-Шалқар» тас жолы құрылысының маңыздылығы жөнінде айттым. Жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Үкіметке құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды жедел дайындауды тапсырамын.

Өңір тұрғындары облыстық деңгейдегі жолдың сапасы жөнінде жиі шағым айтады. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, «Ақтау – Форт-Шевченко», «Таушық-Шетпе» жолдарын жөндеуге келесі жылдан бастап кірісуі керек. Жол сапасы – әр аймақтың даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштің бірі», деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ ол азаматтар дамудың нәтижесін жиналыстарда емес, күнделікті өмірде көріп, сезінуі керектігін айтты.

«Экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін облыстың инвестициялық әлеуетін арттырған жөн. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызметі бұған мол мүмкіндік туғызып отыр. Бұл аймақ – инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі. Бұған дейін мен арнайы экономикалық аймақтарда бос жатқан жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырдым. Осы жұмысты жандандырамыз», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ ол еліміздің шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келе жатқанын алға тартты. Соның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын» салу жобасы» екенін айтып, Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы керек деп түйіндеді.