Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуде жем-шөп бағасын арзандату мәселесіне назар аударуды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап.
«Облыс халқы қиындыққа тап болғанда жұртымыз бүкіл ел болып көмек қолын созды, берекелі бірлігін көрсетті. Маңғыстау облысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алады. Сондықтан жем-шөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек.
«Агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнату маңызды. Сондай-ақ қолда бар мүмкіндікті және өңірдің ерекшеліктерін тиімді пайдаланған жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өңірдің климаттық жағынан қолайлығын айта келе мұнда жылыжай салу арзан болатынын сөз етті.
«Оның жылуы мен жарығына электр қуаты аз жұмсалады. Суы аз, топырағы құнарсыз жерде ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – жаңа технологияларды енгізу. Ауа райы осы аймаққа ұқсайтын Израиль сияқты елдердің озық тәжірибесін мұқият зерттеу қажет», деп түйіндеді Қ. Тоқаев