• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Қараша, 2022

Қазақстандықтар «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып ала алады

493 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар еліміздегі ең ірі мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуға мүмкіндігі бар. Компанияның акциялары бастапқы жария ұсынылымға қойылады, деп жазады Egemen.kz.

Инвесторлардан өтінімдерді қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 30 қарашада, ал бөлшек инвесторлар үшін 2 желтоқсанда аяқталады.

Сонымен қатар  жеке инвесторлар – Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. Осылайша, халықтық IPO форматын қамтамасыз етеді. IPO барысында «ҚазМұнайГаздың» қарапайым акциясының бағасы 8 406 теңгені құрайды.

Акциялар екі платформаға – Astana International Exchange (AIX)  және Қазақстан қор биржасында (KASE) қойылады.

«AIX сауда қызметінің төрт жылы ішінде біз шетелдік және жергілікті инвесторлар өздерін жайлы сезінетін әлемдік деңгейдегі интеграцияланған капитал нарығын құра алдық. Қазақстандық ірі компаниялардың IPO-сын табысты өткізіп, тәжірибе жинақтадық. 2018 жылы өткен листинг пен «Қазатомөнеркәсіптің» кейінгі екі SPO-сының нәтижесінде оның акциялары құнының өсімі 383%-ды құрады. KASPI-ді қосарлы орналастыру да өте сәтті жүзеге асты. Қазір максимал өсім 252%-ды құрады», дейді AIX Басқарма Төрағасы Ренат Бектұров.

Сондай-ақ ол AIX-те сауда жасау арқылы инвестор ашық, әділ және реттелген нарықта жұмыс істейтінін, әділ баға бойынша сауда-саттыққа сенім арта алатынын да атап өтті.

Айта кетейік, қазір AIX жүйесінде 30-ға жуық қазақстандық және шетелдік брокерлер тіркелген. Олар арқылы IPO-ға қатысуға және қор биржасында бағалы қағаздармен сауда жасауға болады. AIX еуропалық, американдық, азиялық және қазақстандық есеп айырысу банктерімен жұмыс істейді, бұл геосаяси жағдайға қарамастан биржаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз – табыс деңгейі мен қаржылық сауатына қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарының биржада сауда жасауын жеңілдету», дейді Ренат Бектұров.

«Халықтық IPO» аясында қазақстандықтар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын Астана халықаралық биржасында үш жолмен сатып ала алады:

Барынша қарапайым әрі жылдам әдіс – Tabys қосымшасында тікелей жазылу арқылы. Сізге бар болғаны тек смартфон, интернетке қолжетімділік, жеке куәлік пен банк картасы қажет. Бұл ретте тікелей жазылу үшін комиссия ұсталмайды – тек транзакция үшін банктік төлем алынады. «Қазпочта» АҚ мен AIX интеграциясының арқасында сіз бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан астам бөлімшелер арқылы тікелей жазылымға өтініш бере аласыз. Тікелей жазылым акцияларды бірден сатуды жоспарламайтын немесе брокерді таңдауға асықпайтын, бұның бәрін кейінірек жасауды жоспарлайтын жандарға өте қолайлы. Брокерлер – AIX және KASE биржаларының сауда мүшелері арқылы.