Бұл туралы мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біріншіден, аймақтық экономиканы әртараптандыру қажет. Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр», деді Президент.
Мемлекет басшысының Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіретінін еске салды. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр. Тоқаев мұның дұрыс еместігін ескертті. Өйткені, Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алады. Президент тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді. Сондықтан, осы облыста «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері беріледі», деді Қ.Тоқаев.