Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауында үміткерлердің теледебатына қатыспайды. Оның өкілі Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов болады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын кандидат өзі белгілеп, сенім білдірген адамдар ғана жүзеге асыра алатынын түсіндірді.
«Сондықтан бұл жағдайда кандидат сенім білдірген адам дебатқа қатыса алады. Штаб орталықтары бізге дебатқа қатысатын кандидаттар тізімін ұсынды. Біз сенімхатқа қарадық. Міндеттерге толық сәйкес келеді. Нақты тізім бекітілді», деді А.Щегорцова.
11 қарашада «Хабар» телеарнасында өтетін теледебатқа қатысушылардың тізімі белгілі болды.
«Дебатқа Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Ерлан Қошанов (Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілі ретінде), Салтанат Тұрсынбекова қатысады. Дебат 4 раундта өтеді. Біріншісі – сайлауалды бағдарламаның тұсаукесері, екіншісі – пікірталас, онда қатысушылар қарсыластарына екі сұрақтан қояды, сонымен қатар екі сұраққа жауап береді. Сұрақты құрастыруға 30 секунд, жауап беруге екі минут уақыт беріледі. Үшінші тур – сайлаушылардың сұрақтары. Әр үміткерге бір сұрақ қойылып, жауап беруге екі минут беріледі. Төртінші тур – сайлаушыларға үндеу, уақыты - екі минутқа дейін», деп түсіндірді ҚР ОСК мүшесі.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген.