Қазақстанда жаңа автокөліктердің сатылымы арта бастады. Бірақ әлемде бұл көрсеткіш әлі де болса төмен. Мәселен, АҚШ-та сатылым 13 пайызға құлдыраса, Шығыс Еуропада 31 пайызға дейін түскен. Биыл үш тоқсанда бүкіл әлемде 59,5 млн бірлік жаңа жеңіл көлік сатылған. Бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға төмен.
Соңғы уақытта әлем экономикасының қозғаушы күшіне айналып келе жатқан Қытайда автосатылым үлесі 8,2 пайыз өсім көрсеткен. 19,4 млн жаңа көлік өз иелерін тауыпты. Қытайдағы жағдайдың жақсаруы жаһандық нарықтың біртіндеп қалпына келуіне әсер еткен. Дегенмен сарапшылар көп елдерде ахуал әлі де болса мәз емес екенін айтады. Былтырдың үш тоқсанымен салыстырғанда, Оңтүстік Кореяда сатылым – 6 пайызға, Жапонияда – 10,1 пайызға, Батыс Еуропада – 11,7 пайызға, АҚШ-та 12,9 пайызға азайған. Ал Шығыс Еуропа елдерінде жеңіл және коммерциялық көліктердің сатылымы 30,5 пайызға төмендепті.
Көршілес Ресейдегі автодилерлердің жағдайы тіпті нашар. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында 506,7 мың жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылған. 2021 жылдың үш тоқсанымен салыстырғанда 59,8 пайызға төмендеу байқалады. Ал елімізде 9 айда 87 мың көлік сатылды. Былтырмен салыстырғанда 0,4 пайызға өсу бар. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша қазақстандықтар арасында Chevrolet және Hyundai маркаларының ерекше танымалдылыққа ие екені анық болып отыр. Осы екі брендке бүкіл сатылымның 51,6 пайызы тиесілі. 24,5 мың Chevrolet, 20,4 мың Hyundai саудаланған. Бұл ретте корей көлігінің сатылым үлесі 14,7 пайызға өссе, америкалық көліктің сатылымы 9,4 пайызға артқан.
Қаңтар-қыркүйектегі сатылым бойынша ТОП-10 марка қатарына тағы екі қытайлық бренд кіріп отыр, олар – Chery (2,5 мың авто) және Jac (2,1 мың авто). Осы қарқынмен жақын келешекте қытайлық брендтер нарықты біржола жаулауы бек мүмкін. Қазірдің өзінде Astana Motors үш бірдей қытайлық автогигант – Changan, Chery және Haval автомобильдерінің өндірісі бойынша зауыт құрылысына кірісті. Бұл, әрине, алдағы үлкен әлеуеттен хабар береді. Changan Қытайдағы өндіріс деңгейі бойынша нөмірі бірінші бренд болса, Chery экспорт бойынша лидер атанып отырған көлік түрі. Ал Haval – Қытай нарығындағы төртінші позицияны ұстап тұрған Great Wall Motor автоконцернінің суббренді.
Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының дерегіне қарағанда, биыл қыркүйек айында 12 мың жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылған. 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 19,3 пайызға ілгерілеу бар. Ел тұрғындары Chevrolet Cobalt пен Nexia-ны (2,5 мың және 1,1 мың авто), сондай-ақ Hyundai Tucson-ды (1,1 мың авто) көп сатып алған. Бұдан өзге қыркүйек айындағы сатылым бойынша үздік ондыққа Hyundai-дың төрт моделі – Tucson, Santa Fe, Sonata, Elantra, Kia-ның екі моделі – Ceed және Sportage, Toyota мен Chery-дің бір-бір моделі – Land Cruiser Prado мен Tigo 7 Pro кірген.