Логопед мамандар сәби тілінің кеш шығуына ата-аналары кішкене шағында сәбиіне дұрыс көңіл бөлмеуінен деп санайды. Мәселен, бүлдіршін бір жаста 5-10 сөз айта білуге тиіс. Ал екі жасқа толғанда 200-300 сөз білетіндей қабілетке жетеді. Үш жаста күрделі сөйлемдерді игеріп, осы жастан бастап жалпы сөйлеу тілі дамиды екен.
Біздің бала кезімізде «логопед» маман дегенді кездестірмек түгілі, естіп көрмеген едік. Бұл кәсіп иесінің кейінгі уақытта балалары жас ата-аналар арасында аса сұранысқа ие екенін байқаймыз. Себебі сөйлеу қабілеті бұзылған, тілінде мүкісі бар ұрпақ көп. Көбіміз бұл мәселені экологияға тіресек, дәрігерлер психологиялық фактордың әсері деп кінә артады. Кім қалай десе де, анығы тілдік ауытқуы бар балалар саны жылдан-жылға артып, сәйкесінше логопед мамандарына деген мұқтаждық та өсе түсті. Кейінгі кезде оларды кез келген балабақшадан немесе мектептен кездестіретін болдық.
Бибігүл Жұмажанова – осы салада ұзақ жыл еңбектеніп жүрген кәсіби маман. Кейіпкерімізбен Халықаралық логопедтер күні қарсаңында ұлттық логопедтік қызметтің жай-жапсары мен проблемалары туралы әңгіме өрбіттік.
Логопедия мәселесіне келгенде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздерін арқау етпеу мүмкін емес. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау», деген ұлы ғалым.
Қазақ әрдайым сөз қадірін аса бағалап, ұрпағын «өнер алды – қызыл тіл» деп өсірген. Алайда бүгінде ата-аналар балаларының тілі кеш шығатыны немесе сөйлеу қабілеті бұзылғаны туралы жиі шағымданады.
– Ғылыми тұрғыдан алғанда, адамда сөйлеуге арналған негізгі органы жоқ. Сөйлеуге өкпе, өңеш, жұтқыншақ, тіл, тіс, ерін, ұрт қатысады. Ал дауыс негізі ауыз қуысы мен мұрын қуыстары арқылы шығады. Сөйлеу қабілетінің бұзылуын зерттеу ғылымы сонау XVII ғасырдан басталған екен. Соған қарағанда, тіл мүкістігі одан да ерте замандарда бой көрсеткен. Әрине, ол кезде білім мен тәжірибе жеткіліксіз болғандықтан, бізге белгілі логопедия тек ХХ ғасырдың ортасына қарай қалыптасты. Бұл проблема біздің қоғамда бұрыннан бар. Сонау Кеңес өкіметі тұсында да кездесетін. Тек оны нақты ғылыми тұрғыдан зерделеу, мәселе етіп көтеру кемшін қалды. Алайда сөйлеу жүйесінде ақауы бар сәбилердің саны расында да, жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде байқалып тұрған құбылыс, – дейді ол.
Қазақ тілінің аса бай тіл екені белгілі. Әдеби тіл, кәсіптік тіл, өндірістік тілі, қарым-қатынас тілінің қай-қайсын алып қарасаңыз да, аса бай, толымды екенін байқаймыз. Мәселен, Пушкиннің сөздік қоры – 21 мың сөз, Шекспирдікі – 15 мың сөз десек, Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында 17 мың сөз қолданған екен. Ал логопедиялық ғылымда тілдің бай болуы да маңызды. Бұл тұрғыда қазақ тілі өз міндетін артығымен орындап тұрғанына дау жоқ. Мамандар мәселе кейбір ата-аналар жеткіншек шағында баласына дұрыс көңіл бөлмеуінен деп санайды.
– Негізі бала бір жасында сөйлей алмаса да, ересектердің айтқан сөзін ұқса, айтқанды дұрыс орындай білсе, онда уайымдауға ешқандай негіз жоқ. Тілі шыға бастаған кезде онымен байқап, дұрыс сөйлескен абзал. Сақауланып сөйлеуге, баланың тілін бұрап сөйлегенін қызық көріп, оның айтқандарындай етіп қайталау жақсылыққа апармайды. Себебі сәби солай сөйлеуге дағдыланып кетеді. Керісінше, бұл жағдайда ана баласының айтқанын түсінбесе де, онымен дұрыс сөйлесіп, әр сөзді үйретуі керек. Тағы бір мәселе, қазіргі балалар шетінен ұялы телефон мен планшетке үйір. Бұл құралдар – сөйлеу қабілетін бұзатын, ойды тежейтін нағыз тажалдың өзі. Балдырған ойын қызығымен отырып, адами, әлеуметтік құбылыстардан алыстай береді. «Әйтеуір тыныш отырса болды» деп өзін алдаусырататын анасы сәбиінің келе-келе әлгі құралдың құлына айналғанын сезбей де қалады. Одан соң баланы планшеттен ажырату қиынға соғатынын жақсы білеміз. Сондықтан бала әр нәрсенің шегін, уақытын шамалап өскені дұрыс. Осы бір технологиялық үрдіс те сөйлеу қабілеті жетілмеген балалардың шамадан тыс көбеюіне салдар болып отырғаны айқын, – деп қынжылады Бейбігүл Аманжолқызы.
Маман бүгінде Павлодар қаласындағы №93 балабақшада логопед болып еңбек етуде. Бірнеше әдістемелік құралдың авторы. Жыл сайын түрлі конкурстар мен семинарларға қатысып, біліктілігін арттыратынын айтады. Мәселемен алдына келген ата-аналардың бетін қағып көрмедім дейді. Көбіне кекештену, дислалия (тек дыбыстардың айтылуының бұзылуы), дизартрия (сөйлеу аппаратындағы кемшіліктерден дыбыстаудың бұзылуы), тілдің жалпы дамымауы сияқты кемшіліктері бар балаларды әкеледі екен. Бала тілінің кеш шығуының негізгі себептері – кейбір тұқым қуалайтын аурулар, жүктіліктің өту ерекшеліктері, баланың белгілі бір ауруға шалдығуы. Сондай-ақ баланың жынысы, жеке ерекшеліктері, күйзеліс жағдайлары себеп болады екен.
«Әлди – әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Көкқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін», деген бесік жырында, байқасаңыз, дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке, қатаң-ұяңы бар дыбыстар түгелге жуық кездеседі. Оны сәби айта алмаса да, жас санасымен іште түйіп қалады. Буын үндестігі, дыбыс үндестігі содан қалыптаса бастайды. Сондықтан осы бір дәстүрді аналарымыз бен әжелеріміз қайта жаңғыртса, қос мәселе шешімін табар еді. Ең әуелі баланың тілі өз ана тілінде шықса, екіншіден, тілдегі мүкістің алдын алар еді. Балдырған тілінің дұрыс қалыптасуына жалпы факторлар көп. Денсаулығы, орталық жүйке жүйесінің, артикуляциялық, есту, көру аппараттарының қалыпты жұмысы, балалардың түрлі салада дамуы мен педагогтердің кәсіби шеберлігі, тағы басқа толып жатқан жайттар бар. Біз, логопедтер осы ерекшеліктердің барлығын жиынтықтап, «тұжырымдық диагноз» қоямыз. Сол бойынша жұмыс істейміз. Осы арқылы ғана оны әлеуметтендіруге мүмкіндік туады».
Сөз соңында маман бірқатар ақыл-кеңесін айтты. Сәби тілінің дұрыс қалыптаспауы, оның бірден жақсы сөйлей алмауы жас ата-аналарды жиі толғандыратыны рас қой. Бұл – асығуды қажет етпейтін көп уақыттық процесс. «Мұнда кел, сөйлеуді үйренеміз», деп бұйрық беруге болмайды. Мұндай жағдайда бала қорқып, ішінен тұйықталып алады екен.
– Қазақ «Баланы – жастан...» дейді. Сәби жүре бастаған шақтан шектен тыс еркелетпей, дамуына көңіл бөлген абзал. Ата-аналардың көбі үшін логопед мамандар «ғажайыптар иесі» болып көрінуі мүмкін. Бірақ ата-ананың көмегінсіз логопедтің жұмысы өрге баспайды. Бала логопедпен аптасына 2-3 рет қана кездесіп, небәрі 15-20 минут жұмыс жасайды. Әрине, бұл уақыт өте аз. Сондықтан тілді бекіту жұмыстарын, тапсырмаларды үйде әрдайым тиянақты орындайтын болса, нәтиже аз уақыттың ішінде көрінер еді. Үйде орысша сөздерге құлағы үйренген бала сыртта ана тіліндегі сөздердің мән-мағынасын түсінбейді. Сондықтан үйде тек онымен ғана емес, өзара қазақша сөйлескен абзал. Неге десеңіз, бала еркін сөйлеу қабілетінен айырылады, бұдан тіл мүкістене бастайды, дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырата алмай қалады. Міне, осы себепті жеткіншек есейгенше онымен тек бір тілде ғана сөйлесіп, оған қазақша жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер жаттатып, үйрету керек, – деп аяқтады әңгімесін Бейбігүл Аманжолқызы.
ПАВЛОДАР