Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының кітапханасында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің мәдени қарым-қатынасын нығайту мақсатында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шара институттың жеке құрамын қырғыз халқының әдебиеті, мәдениеті және салт-дәстүрімен таныстыруға бағытталған. Көрмеге екі ел арасындағы тарихи қарым-қатынастар туралы деректер мен қырғыз жазушыларының шығармалары қойылды. Өз кезегінде қырғызстандық курсанттар мәдени бағдарлама ұйымдастырды, өлең оқып, екі тілде ән шырқады.
– Екі елдің түбі бір, тарихы мен мәдениеті де ортақ. Отанымыздан шет жүрсек те, қазақ елінде ешкім бізді сыртқа тепкен жоқ, қайта жылы қабылдап, бауырларына тартып келеді. Алыстағы ата-аналарымыз да біз үшін алаңдамайды, қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихы жанымызға жақын, – дейді институттың 5-курс студенті Алханбек Болкоев.
Іс-шара барысында бауырлас қазақ пен қырғыз руханиятында есімдері қатар аталатын Жамбыл мен Тоқтағұл, Сүйінбай мен Қатаған, Әуезов пен Айтматов секілді тұғырлы тұлғалардың шығармашылығына шолу жасалды. Курсанттарға екі елдің өткені мен бүгіні, тарихи сабақтастығы туралы арнайы әзірленген бейнематериал көрсетіліп, салт-дәстүрлеріне қатысты эстафеталық ойындар ойнатылды.
Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының бағдарламасы бойынша әскери институтқа Қырғызстан мемлекетінің өкілдері де қабылданады. Бүгінге дейін аталған әскери білім ошағын 18 қырғызстандық курсант бітіріп, 8 курсант білімін шыңдап жүр.
АЛМАТЫ