Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейінгі әлемдік экономикаға интеграциялану үдерістері жерге бай Қазақстан ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін ашуға үлкен көмегін тигізіп келе жатқандай. Осы үрдістің нәтижесінде біз әлемдегі астықты державалардың біріне айналсақ, ендігі кезекте мал шаруашылығының дамытылуына екпін түсірілуде. Салаға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жыл өткен сайын нығайып, нақты бағдарламалар мен заңдар аясындағы болжамды негізде алдыңғы қатарлы елдерге тән өркениетті даму мүмкіндігін қалыптастыруда. Төменде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВПЕН әңгіме де осы тұжырымды одан әрі қуаттай түскендей болды.
– Асылжан Сарыбайұлы, өткен жылдың басында Үкімет «Агробизнес-2020» бағдарламасын қабылдаған болатын. Аграрлық сектордың таяудағы жылдар ішіндегі болашағын айқындауда бұл бағдарламаның үлкен рөл атқаратындығы белгілі. Қазіргі күні бағдарлама қалай жүзеге асу үстінде? Оның қандай жаңашыл тұстары бар? Осы туралы айта кетсеңіз.
– Жалпы, 2013 жылды ауыл шаруашылығы саласы үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асыруды ұйымдастыру жылы болды деуге келеді. Біз бағдарламаны әзірлеу, оның басымдықтарын айқындау бағытында көптеген жұмыстар жүргіздік. Солардың нәтижесінде 2014 жылғы 17 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл заң бағдарламаны мемлекеттік қолдау шараларын, яғни осы мақсатта жұмсалатын қаржыны заңдастыратын болады.
Сонымен қатар, бағдарламаны іске асыру мақсатында 15 шеберлік-жоспар әзірленді. Бұл жоспарлар ауыл шаруашылығының әрбір саласы және әрбір облыс бойынша қолдауды іске асыру тетіктері мен көрсеткіштерді нақты анықтайды.
Енді бағдарламаны іске асырудың 2013 жылғы негізгі қорытындыларына келсек, аталған жылы ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнімінің көлемі 10,8 пайызға ұлғайып, 2,4 триллион теңгені құрады. Соның ішінде өсімдік шаруашылығындағы өнім көлемі бір жылдың ішінде 20,8 пайызға ұлғайса, мал шаруашылығы өнім көлемі 1,1 пайызға артты.
Күрделі ауа райы жағдайына қарамастан, таза салмақпен алғанда еліміз бойынша 18,2 млн. тонна астық жиналды. Әрбір гектар берекесі 11,6 центнерден айналып, 2012 жылмен салыстырғанда өнімділік деңгейі 3 центнерге жоғарылады. Жиналған астық елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар, экспортқа 9 млн. тоннаға дейін астық шығару мүмкіндігін береді.
Мал шаруашылығында да өндірістің өсуі мен мал басының артуы байқалып отыр. Мәселен, 2012 жылмен салыстырғанда ет өндірісі 1,0 пайызға, сүт көлемі 1,5 пайызға, жұмыртқа 6,3 пайызға артты. Ірі қара малдың саны 2012 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсіп, 5,8 млн. басты құраса, жылқы саны 1 пайызға (1,7 млн. бас), құстар саны 2,8 пайызға (34,4 млн.) артты. Ал қой мен ешкі санының 0,6 пайызға (17,5 млн. бас), шошқа санының 10,5 пайызға (0,9 млн. бас) төмендеуі байқалды.
Сөйтіп, 2013 жылдың қорытындысында еліміздегі ірі қара малдың 31 пайызы аграрлық ұйымдастырылған құрылымдарда, ал 69 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланып отыр. Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2010 жылдың басында республика бойынша ұйымдастырылған шаруашылықтардағы мал басының үлесі 18 пайызды, жеке қосалқы шаруашылықтарда 82 пайызды құраған болатын. Міне, осы жүріп жатқан оң өзгерістердің барлығы «Агробизнес-2020» бағдарламасында алға қойылған міндеттерге сәйкес келеді.
– Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі мал шаруашылығы екендігі белгілі. Осы саланы дамытудың қандай жолдары мен мүмкіндіктері бар. Салаға қолдау көрсету мақсатында қандай шаралар мен тетіктер қолға алынуда?
– Бұл саланы дамыту ісі әлемде соңғы кездері байқалған біраз үдерістерге, атап айтқанда, әлем бойынша азық-түлік бағаларының көтерілуіне байланысты өте өзекті бола түсуде. Оның үстіне жерге бай мемлекеттердің қатарындағы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерінің басым көпшілігін мал жаятын жерлер құрайды. Осы ресурстарды іске қосу жыл өткен сайын маңызды бола түсуде. Осыған орай мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын, осы салада еңбек етуші кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бәсекелестік қабілетін арттыру мақсатында қазіргі уақыттары бірнеше қолдау шаралары қарастырылуда. Олардың қатарында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған шаралар бар. Мәселен, еліміздегі ірі қара мал мен қойдың асыл тұқымдарын жетілдіру, осы бағыттағы селекциялық жұмыстарды жүргізу, ірі қара малдың асыл тұқымдарын елімізге импорттау, асыл тұқымды төл сатып алу секілді жұмыстарға субсидия төлеу мәселесі шешімін тапқан. Сонымен қатар, өгізшелерді бордақылау алаңдарына өткізу, сиыр, жылқы, қой, түйе, шошқа, бройлерлік құс және күркетауық еттерін, тауық жұмыртқасын, сүт, қымыз, шұбат, биязы жүнді қой жүнін өндіру үшін пайдаланылатын мал мен құстарға берілетін азықтың құнын арзандату үшін осыны субсидиялау көзделуде.
Мемлекет, сонымен қоса, қазіргі уақытта жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын сапалық жағынан жақсарту ісіне де көңіл бөлуде. Мәселен, осылардың жалпы табынындағы ет бағытындағы тұқымдық бұқаларды күтіп-бағу жұмысы субсидияланатын болды. Атап айтсақ, бір бұқаны күтуге 104 мың теңгеге дейін субсидия беріледі.
– Жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, бүкіл әлем бойынша алғанда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті бола түсуде. Бұл проблема қазіргі уақытта адамзатқа төнген жаһандық қатерлердің бірі ретінде алдыңғы қатарға шығарылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда біздегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Біз өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз ете алып отырмыз ба?
– Елбасының тапсырмасына сәйкес бұл мәселемен Үкімет, соның ішінде, біздің министрлік жүйелі түрде шұғылданып келеді. Оның нәтижесі жоқ емес. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысында негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзімізді қамту көрсеткішіміз 80 пайыздан асып түсті. Яғни, еліміздің ішкі рыногындағы отандық азық-түлік өнімдерінің үлесі осы деңгейге дейін көтерілді. Соның ішінде отандық күріш, қызылша, бидай ұны, ас тұзы сияқты өнімдермен ішкі рынокты қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызға дейін жетті. Ірі қара, шошқа, қой және жылқы еттерімен қамтамасыз ету деңгейіміз тиісінше 94,3 пайыз, 90,1 пайыз, 99,5 және 94,9 пайызды құрады. Біз өзімізді өңделген сүтпен 95,7 пайызға, тауық жұмыртқасымен 97,6 пайызға, картоппен 97 пайызға, қызанақпен 94,7 пайызға, қиярмен 86,8 пайызға, орамжапырақпен 86,4 пайызға, пиязбен 83 пайызға, қантпен 78,4 пайызға, өсімдік майымен 77,3 пайызға қамтамасыз ете алдық.
Жалпы, Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген «Агробизнес-2020» бағдарламасының басты бағыттары да еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына арналған. Бағдарлама жүзеге асқан жағдайда ауыл шаруашылығындағы отандық өндірістің көлемі артып, экспорттық мүмкіндіктері айта қаларлықтай көтерілетін болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бағдарлама ауыл шаруашылығын мемлекеттік тұрғыдан қолдаудың жаңа тетіктері мен оларды қаржыландыру көздерін айқындады. Соның нәтижесінде, агроөнеркәсіпті қолдаудың көлемі 4,5 есеге дейін артатын болады. Міне, осылардың барлығы ақырында келіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
– Осы уақытқа дейін еліміздің ішкі рыногында шетелдік тауық еттерінің үлесі мол болып келген болатын. Сіз жоғарыда ішкі рыноктағы отандық өнімдер үлесінің өскендігі туралы бірқатар нақты деректер келтірдіңіз. Ал енді осы ішкі рынокты тауық етімен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?
– Нарықтағы ең арзан ет тауық еті екендігі мәлім. Сондықтан оны тұтыну үлесі де басқа өнім түрлеріне қарағанда неғұрлым жоғары болып келеді де осы жағдай ішкі рынокта проблеманың пайда болуына әкеліп соғады. Осындай жағдай біздің Қазақстанда да орын алып, бұл мәселе еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етіп келген болатын.
Дегенмен, соңғы жылдары қолға алынған шаралардың нәтижесінде бұл істе де айта қаларлықтай алға басулар байқалды. Мәселен, егер көрсеткіштерге көз салатын болсақ, соңғы жеті жылда ішкі рыноктағы тауық етін тұтыну көлемі 208 мың тоннадан 305 мың тоннаға дейін, яғни 47 пайызға артқан екен. Бірақ, соған қарамастан, соңғы жылдары ішкі рынокқа импорттық тауық етінің келуі азая түскендігін атап көрсетпекпін. Атап айтқанда, 2012 жылы республикамызға 192,2 мың тонна тауық еті импортталса, 2013 жылы статистика агенттігінің мәліметі бойынша, оның көлемі 169,9 мың тоннаға дейін төмендеген. Яғни, құс еті импортының көлемі 11,6 пайызға дейін азайған. Соның ішінде америкалық тауық етінің импорты 2012 жылы 140 мың тоннаны құраса, өткен жылы 119 мың тоннаға төмендеген. Ал Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан келетін тауық етінің көлемі 2012 жылы 26,9 мың тонна болса, 2013 жылы 27,1 мың тоннаны құраған. Бұл аздаған өсімге түсіністікпен қарауға болады. Өйткені, біз соңғы жылдары Кеден одағының аясында өмір сүре бастадық. Мұндай жағдайда ауыс-түйістің арта түсетіндігі түсінікті.
– Ендігі сұрағымыз осы Кеден одағына қатысты болып отыр. Бұл одақтың аясында ауылшаруашылық өнімдерін 170 миллион адамды құраған үлкен рынокқа экспорттау және импорттау мәселелері қалай шешілмек?
– Кеден одағы құрылғанға дейін оған мүше елдердің әрқайсысында шикізатты жеткізу, өндіру, сақтау, тасымалдау, сату, жою үдерістерінде осы мәселелерге қойылатын талаптарды анықтайтын ұлттық техникалық регламенттер әрекет етіп келген еді. Бұл ретте Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінде тамақ өнімдерінің өмірлік циклінің үдерістеріне белгіленген талаптар әртүрлі болды. Осының әсерінен қазақстандық техникалық регламент талаптарына сай әзірленген өнім Ресей және Беларусь елдерінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген жағдайда олардың ішкі рыноктарына жіберілмейтін еді.
Енді осы жағдайға орай Кеден одағы аясында үш елге бірдей ортақ бірыңғай талаптарды іске асыратын техникалық регламенттер әзірленуде. Бұл үдеріс аяқталғаннан кейін осы үш елде сол техникалық регламент талаптарына сәйкес әзірленген өнімді өткізу ісі ешбір шектеусіз, құжаттарды қосымша растаусыз және қайта ресімдеусіз жүзеге асырылатын болады. Міне, осының әсерінен өзара сауда арта түсетіндігі анық.
– Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін қазақстандық астық өсірушілерге әлемдегі дамыған елдерден техника жеткізу ісі қиындай түседі деген қауесет бар. Бұған не дейсіз?
– Бұған жауап ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2013 жылғы 15 қазандағы №223-ші шешімін келтірер едім. Міне, осы шешім бойынша республикамыздағы ірі жер иеленушілеріне алыс шетелдерден жоғары өнімді астық жинау комбайндарын сатып алу және оны ішке енгізуде мүмкіндіктер жасалынған. Ол мүмкіндіктер импорттық квота белгілеу жолымен шешілген. Соның ішінде Қазақстан Республикасы үшін жоғары өнімді шетелдік комбайндардың импорттық квотасының көлемі 2014 жылға 300 комбайн, 2015 жылға 309 комбайн, 2016 жылға 300 комбайн деп қарастырып отыр. Демек, отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін өздеріне қажетті техниканы таңдап алуында еріктілік мәселесі қарастырылған.
– Еттің кейбір түрлерін импорттауға тарифтік квоталардың болуы ет өңдеушілерді арзан шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген пікірлер бар. Осы туралы не айтқан болар едіңіз?
– Бүгінгі күні ішкі рыногымыздың қажеттілігін құс етінен басқа барлық отандық ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Біздің ойымызша, отандық тауар өндірушілерді жосықсыз бәсекелестіктен қорғаудың қолайлы және заңды жолы – бұл тарифтік квоталарды қолдану шарасы болып табылады. Тарифтік квоталардың сауданы реттеудегі мәні – кедендік төмен тарифпен әкелінетін тауардың нақты көлемін бекіту. Бұл ретте өндіріс пен тұтынудың теңгеріміне негізделген ішкі нарық қажеттілігін айқындап алудың маңызы зор. Осылайша алғанда, тарифтік квотаны бекіту бір жағынан, ішкі рыноктан келетін импортты тежесе, екінші жағынан алғанда, отандық өндірісті ынталандырады. Сонымен қатар, белгілі бір өнімге деген қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндіктен, сол өнім бағасының өсуінің алдын алуға жәрдемдеседі.
Қазақстанда тарифтік квоталар еттің үш түрін әкелуге қолданылады. Олар – сиыр еті (мұздатылған және тоңазытылған), шошқа және құс еттері. 2014 жылға осы өнімдер бойынша квотаның көлемі сиыр етіне – 15,3 мың тонна, шошқа етіне – 9,7 мың тонна, құс етіне 110 мың тонна деп белгіленді. Осы ретте құс еті импортына қатысты тарифтік квотаның қолданылуы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу жөніндегі келіссөздер жүргізу барысында қозғалған мәселе екендігін айта кетсек, артық болмас. Жалпы, аталған жағдаяттар бойынша, тарифтік квотаның қолдану тетіктері отандық тауар өндірушілер үшін қауіп төндірмейтіндей деңгейде белгіленген. Оның үстіне, құс етіне қатысты арнайы қорғау шараларын қолдану Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында да кеңінен қолға алынып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».