Қор нарығы үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды халықтық IPO-ның басталуына да санаулы күндер қалды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өзіне тиесілі 551 698 745 акцияның 30 505 974 жай акциясын жаппай жария сатылымға шығармақ. Бір акцияның бағасы – 8 406 теңге.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, IPO-ға шығарылайын деп отырған акция, компанияның бүкіл акциясының 5 пайызын құрайды.
«Қалған акциялар қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық банкіне тиесілі. Осылайша, IPO-ның нәтижелері бойынша қор кем дегенде 85 пайыз акцияларға иелік етуді жалғастырады. Ұсыныстың шеңберінде бір акцияның бағасы шамамен 5,1 тлрн теңге мөлшерінде капиталдандыруды болжай отырып, бір акция үшін 8 406 теңгені құрайды. Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылдың 30 қарашасында, ал бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады», деді қор төрағасы.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев компанияның жетістіктерін айта келе, қай тұрғыдан алғанда да IPO-ға шығуға лайықпыз деген емеурінді жеткізді.
«ҚазМұнайГаз» көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады. Компания елдегі мұнай мен газ конденсатын өндіруде 25 пайыз, тасымалдауда 56 пайыз және мұнай өңдеуде 82 пайызды қамтиды. Шоғырландырылған активтеріміз 15 трлн теңгеден асты. Биыл «ҚазМұнайГаздың» құрылғанына 20 жыл толды. Қазірдің өзінде компания корпоративтік басқару мен ашықтықтың ең жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Өзінің еурооблигацияларының шығарылымдары арқылы халықаралық және қазақстандық бағалы қағаздар нарықтарында кеңінен танымал. Үкімет пен қордың «ҚазМұнайГаз» акцияларының бір бөлігін еркін нарықта сату туралы шешімі әлеуетті инвесторларға компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді, Қазақстандағы бағалы қағаздар және қор биржалары нарығының дамуына ықпал етеді. Біз өз тарапымыздан инвесторларымыз үшін тартымды болуы және олардың инвестициялық портфельдерінде лайықты орын алуы үшін бар күшімізді саламыз», деді компания басшысы.
Жоспарланып отырған IPO Үкімет бекіткен Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында өткізіледі. Қор AIX және KASE қағидалары мен ережелеріне сәйкес қазақстандық және халықаралық бөлшек және институционалдық инвесторларға AIX қазақстандық алаңдарында және Қазақстандық қор биржасында (KASE) акциялар ұсынуға ниетті.
«KMG» сауда коды (тикері) бар AIX-тің ресми тізіміне акциялар 2022 жылғы 7 желтоқсанда енгізіледі, ал AIX-те сауда-саттыққа рұқсат 2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап берілмек. «ҚазМұнайГаздың» жай акциялары «KMGZ» сауда коды бар KASE листингіне енгізілген.
Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 2022 жылғы 9 қарашада сағат 12:00-де басталады және институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылғы 30 қарашада сағат 18:00-де, ал бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылғы 2 желтоқсанда сағат 15:00-де аяқталады.