БҰҰ мәліметінше, экологиялық қылмыс 3 млрд долларға бағаланатын атыс құралдарының заңсыз саудасынан да асып түседі. Жалпы, бұл сала қылмыс деңгейі тұрғысынан есірткі контрабандасы, жалған ақша жасау және адам саудасынан кейін төртінші орында тұр. Экологиялық қылмыс салдарынан жоғалған қаржы көлемі онымен күреске жұмсалған қаржыдан (небәрі 20-30 млн доллар) 10 мың есе асып түседі.
Сарапшылар дерегінше, экоқылмыс, әсіресе дамушы елдерде өршіп тұр. Сонымен қатар қоршаған ортаға зиян келтіретін қылмыстарға реакция көбіне, сирек кездесетін жануарларды өлтіргеннен кейін немесе өсімдіктер жойылғаннан кейін пайда болады.
«Мысалы, биыл тамызда Астананың үш тұрғыны 43 кило ақбөкен мүйізін сатқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың қылмысынан мемлекетке 312 млн теңге залал келген. 2017 жылдан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін елімізде жыл сайын 1,1 мыңға жуық экологиялық құқық бұзушылық тіркелген. Жыл сайын қылмыс саны азайып жатқанына қарамастан, қаржылық зиян мөлшері өсіп жатыр. Былтыр экологиялық қылмыс салдарынан 5,3 млрд теңге қаржылық шығын келген. Бұл 2017 жылдан бері тіркеліп отырған рекордты сома», деп жазды Ranking.
Экологиялық қылмыстың залалы әсте жеңіл емес. Табиғатқа келтірілген зиян салдарынан тұтас экожүйе бұзылады, экологиялық апат пайда бола бастайды, табиғат жүйесі құрдымға кетіп, түрлі аурулардың туу тәуекелі артады. Жалпы, 2017 жылдан бері экоқылмыс салдарынан жыл сайын 3,5 млрд теңге көлемінде шығын тіркелді. Алайда кінәлілер шығын сомасын өтеуге асығатын емес. Кейінгі бес жылда жыл сайын тек 676,5 млн теңге өтелген. Бұл бүкіл шығын сомасының 19 пайызы ғана.