• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Қараша, 2022

Сайлаудың басты алгоритмі – ашықтық

379 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров кезектен тыс президент сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысына келіп, өңірдегі аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты.

Петропавл, Мамлютка қалалары мен Мамлютка ауданына қарасты Воскре­сеновка ауылындағы сайлау учаскелерінде болған Орт­сайлауком басшысы аумақтық және учас­келік сайлау комиссияларының мүше­лері­мен, сондай-ақ жергілікті атқару­шы орган­дардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.

Н.Әбдіровтің төрағалығымен өткен кеңесте уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыс­тық аумақтық сайлау комиссиясының өкіл­дері өңірде жүргізіліп жатқан жұмыс­тар, сай­лауды ұйымдастырушылық, мате­риал­­дық-техникалық қамтамасыз ету, мүге­дек­тігі бар азаматтар үшін сайлау учаске­лерінің физи­калық қолжетімділігі үшін қажетті жағдайлар жасау, сайлау бюллетеньдерін күзету және уақтылы жеткізу туралы баяндады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндамасында халықты ақпараттандыру аясында izbiratel.sko.kz іздеу сервисі іске қосылғанын хабарлады. Сонымен қатар 13 аудан мен облыс орталығында «Telegram бот «SailauSkoBot» және Call-орталықтар бар. iKOMEK-109 бірыңғай байланыс орталығының базасында тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді.

Сайлау учаскелерінің барлығы жабдықталған кабиналар, тұрақты сайлау жәшігі, тасымалданатын сайлау жәшіктері, ақпараттық стендтермен қамтамасыз етілген. Облыста 26 мыңға жуық мүгедектігі бар адам болса, оның 2 239-ы сайлау учаскелерінде ерекше жағдайларды талап етеді. Нашар көретін азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында объектілерде тактильді көрсеткіштер орнатылып, Брайль шрифтімен жарақтан­ды­рылған ақпараттық кестелер қойылған. Сон­дай-ақ 626 объектіде мүмкіндігі шектеу­лі азаматтарға қызмет көрсету аймақ­тары ұйымдастырылады, ал 502 сайлау учас­кесін тірек-қимыл аппараты бұзылған азамат­тардың дауыс беруіне арналған ка­би­на­лармен жабдықтау жоспарлануда. Дауыс беру күні «Инватакси» және әлеу­меттік такси қызметтері де іске қосылмақ.

ОСК төрағасы мүгедектігі бар адамдар дауыс беретін барлық учаскелерді аралап, дауыс беруге арналған үй-жайлардың тек сайлаушылар емес, байқаушылар, сенім білдірілген адамдар және БАҚ өкілдері үшін де қолжетімді әрі ыңғайлы болуын атап өтті.

Сапар аясында Н.Әбдіров сайлаушылар мен мүгедектігі бар адамдар үшін учаскелердің компьютер, аудио және бейнеаппаратуралар, құлаққаптар, қосымша жарықтандыру, лупа секілді қажетті құралдармен қамтылған бұрыштардың болуын тексерді. Екі сатылы арба көтергіш жүйемен жабдықталған учаскелердің бірін жоғары бағалаған ОСК басшысы барлық учаскелерді осылай жабдықтау қажеттігін айтты.

Басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған жәшіктердің ыңғайсыз орналасуына байланысты ОСК басшысы байқаушыларға, сенім білдірілген адам­дарға, бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдеріне кедергісіз байқауға мүмкін­дік беретіндей етіп қоюды ұсынды. Өз кезе­гінде учаскелік комиссиялардың мүше­лері Орталық сайлау комиссиясы әзір­леген УСК мүшелері толтыратын әртүр­лі журналдың жоғары сапасы мен ыңғайлылығын атап өтті.

Учаскелерді аралау кезінде ОСК басшысы жергілікті атқарушы органдардың назарын сайлау учаскелері орналасқан үй-жайларды резервтік электрмен жаб­дықтауды және оларды жылумен жаб­дық­тауды қамтамасыз етуге аударды. Сон­дай-ақ сайлаушыларға тізімдерде өздерін тексеруге мүмкіндік беретін онлайн сервистердің жұмысын тексеріп, сайлау комиссиялары мүшелерінің электоралдық оқыту нәтижелерімен танысты.

Бағдарламаның екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссия­лары үшін кейс технологиясы негізінде іскерлік ойын түрінде тренинг өтті. Тренинг жұмысына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар миссиясының өкілдері қатысты.

Өткізілген кездесулердің қорытындысы бо­йынша Нұрлан Әбдіров аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төр­ағаларына бірқатар нақты тапсырма берді.