Жалпы сипаттағы трансферттер әкімдіктердің қаржылық мүмкіндіктерін теңестіруге тиіс. Бірақ түрлі көрсеткіштер бойынша аймақтар арасындағы диспропорция әлі де бар, деп жазады Egemen.kz. Бұл туралы сенатор Бекболат Орынбеков Палата отырысында айтты.
Депутат жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу үнемі жетілдіріліп отыратынын, жаңа тәсілдер қолданылатынын, бірақ проблемалық мәселелер әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Депутаттың айтуынша, ол орталық мемлекеттік органдармен жобаларды келісу кезінде айқын көрінеді, оның рәсімі 6 айға дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде, жұмыс іс жүзінде басталғанша, олардың бағасы да өсіп кетеді.
«Отандық бюджет жүйесінде төрт деңгей болғандықтан, өңірдегі бір объектіні қаржыландыру бюджеттің үш деңгейінде бірден – республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жүзеге асуы мүмкін. Мұндай нысандарды жоспарлау уақыт өте келе созыла береді, өйткені жобаны бюджеттің әр деңгейінде де қорғауы керек. Осылайша, шығындарды жоспарлау мен негіздеуге, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуға және қандай да бір объект бойынша мердігерді анықтауға 2 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде нарықтағы жағдай мен баға айтарлықтай өзгеруі ықтимал. Сонда шығындарды түзету қажет болады, ал кез келген өзгерістер қайтадан бірнеше рет келісуді қажет етеді», деді сенатор.
Депутат сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттен өтемақысыз қосымша шығындарды көздейтін НҚА қабылдауын назардан тыс қалдырмады. Ол бұл тәсіл жергілікті атқарушы органдардың өңірлік экономиканы дамыту жөніндегі бастамасын тежейтінін атап өтті.
«Шынында да, егер орталық атқарушы органдар бұл қосымша кірістерді өз қалауы бойынша қайта бөлсе, неге өңірлер өздерінің бюджеттік кірістерін арттыруға тырысады. Жергілікті және орталық атқарушы органдардың мүдделер қақтығысы көрініп тұр», деді Бекболат Орынбеков.
Сенатор осыған байланысты Үкіметті бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Депутат сондай-ақ заңмен бекітілген трансферттер сомасын қатаң ұстану және бюджет саласындағы барлық шешімдерді өңірлердің дербестігі мен риясыз қызметін арттырудағы басымдық қағидатын негізге ала отырып қабылдау қажеттігін атап өтті.