• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Қараша, 2022

Қазақстан-Пәкістан арасында көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды

413 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Пәкістан Ислам Республикасынан келген делегация мүшелерімен кездесті.    , деп жазады Egemen.kz.

Делегацияны федералды инвестициялар министрі Чаудри Салик Хусейн мен энергетика министрі Мусадик Масуд Малик бастап келді. Кездесу барысында екі тарап инфрақұрылым, мультимодальды тасымалдар, теміржол қатынасы, халықаралық автомобиль көлігі дәліздері, әуе тасымалы және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

«SCAT әуекомпаниясы Алматы – Карачи және Алматы – Лахор бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Осы ретте әуекомпания Пәкістанның авиациялық билігіне рейстерді жүзеге асыруға байланысты өтінім берді», деп атап өтті ИИДМ басшысы.

Сондай-ақ қазақстандық тарап отандық компаниялардың Пәкістанға химиялық өнім түрлерін жеткізу экспортын ұлғайтуға мүдделі екендігін атап өтті.  

Өз кезегінде Пәкістан тарапы өз порттарын, атап айтқанда Араб теңізінің жағалауындағы Карачи теңіз портын және Пешавар, Исламабад және басқа да ірі қалалармен автомобиль және темір жолдармен байланысқан Лахор құрғақ портын пайдалану мүмкіндіктері туралы хабардар етті.

Екі тарап көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Пәкістан бірлескен жұмыс тобының екінші отырысы шеңберінде ынтымақтастық мәселелерін одан әрі егжей-тегжейлі қарауға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін зор әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, уағдаластықтарды дипломатиялық арналар арқылы растауға келісті.